Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Теміржол – өңір тынысының күретамыры

Теміржол – өңір тынысының күретамыры

Теміржол – уақытпен бірге дамып, елдің экономикалық әлеуетін арттыруға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан стратегиялық сала. Болат жолдың бойымен жүйткіген пойыздар жолаушыны діттеген жеріне жеткізіп қана қоймай, өндіріс пен кәсіптің, сауда мен әлеуметтік байланыстың үзілмеуіне қызмет етеді. Сан мың шақырымға созылған теміржол торабы талай тағдырды тоғыстырып, ел мен елді, қала мен даланы жалғап келеді. Сондықтан да теміржол саласын мемлекет экономикасының күретамыры деп атауға толық негіз бар.
Арал өңірінің бүгінгі тыныс-тіршілігін де теміржолсыз елестету мүмкін емес. Аудан тұрғындарының басым бөлігі осы салада еңбек етіп, отбасын асырап отыр. Бірі пойыз қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, енді бірі жүк тиеу мен түсіру жұмыстарын атқарады. Теміржол саласында қызмет ететін мамандардың күнделікті еңбегі – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды бөлшегі.
Жыл сайын тамыз айының алғашқы жексенбісінде елімізде Көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтеді. Осы мереке қарсаңында ғасырдан астам тарихы бар «Арал теңізі» станциясының тыныс-тіршілігімен таныстырып өтсек.
Қазіргі «Арал теңізі» теміржол станциясының тарихы өткен ғасырдың басынан бастау алады. Өз негізін Арал–Аралсульфат теміржолынан алған станция 1906 жылы Орынбор–Ташкент теміржол магистраліне қосылды. Бұл өңірдің экономикалық дамуына тың серпін беріп, Арал өңірінің республикадағы маңызды көлік торабы ретінде қалыптасуына жол ашты.
Содан бері 120 жылға жуық тарихты еңсерген станцияның жұмысы бір сәтке де тоқтаған емес. Қай кезеңде болмасын жүк пойыздары үздіксіз қатынап, аудан экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Бүгінде де бұл үрдіс жалғасын тауып отыр.
         «Арал теңізі» станциясын ұзақ жылдан бері тәжірибелі басшы Талғат Шүренов басқарып келеді. Оның жетекшілігімен ұжым өздеріне жүктелген міндетті сапалы орындауда.
Станцияның жүк тасымалы саласында бүгінде 35 қызметкер еңбек етеді. Олардың негізгі міндеті – жүктерді қабылдау, тиеу, түсіру және белгіленген бағыттарға уақытылы жөнелту. Бұл – жоғары жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті талап ететін жұмыс. Әрбір вагонның дер кезінде жөнелтілуі өндіріс орындарының жұмысына, кәсіпкерлердің саудасына және халықтың қажетті тауарлармен қамтамасыз етілуіне тікелей әсер етеді.
Жыл басынан бергі алты айдың қорытындысы бойынша станциядан 5235 вагон жүк тиеліп жөнелтілген. Оның басым бөлігін елімізге ғана емес, шетелге де танымал Аралдың ақ алтыны – «Аралтұз» кәсіпорнының өнімі құрайды. Арал тұзы көптеген аймақтарға осы теміржол арқылы жөнелтіліп, тұтынушыларға жеткізіледі.
Сонымен қатар, аудан тұрғындарына қажетті азық-түлік өнімдері, құрылыс материалдары және жанар-жағармай да теміржол арқылы жеткізіледі. Биылғы жылдың алғашқы жартысында басқа өңірлер мен шетелдерден 1345 вагон жүк қабылданған. Бұл аудан экономикасының тұрақты жұмыс істеуіне және халықтың күнделікті қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.
Теміржол саласында еңбек ету үлкен төзімділікті, жауапкершілікті және кәсіби біліктілікті талап етеді. Қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығына қарамастан, теміржолшылар тәулік бойы қызмет атқарады. Олар үшін қозғалыс қауіпсіздігі мен жүктердің уақытында жеткізілуі – басты міндет.
«Арал теңізі» станциясында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі де ескерусіз қалып жатқан жоқ. Кәсіби мереке қарсаңында «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі» филиалы директорының Алғыс хатымен Берік Әбілқайыров пен Оңғарбек Мұратов марапатталды. Бұл – олардың көп жылғы адал еңбегіне, кәсіби біліктілігі мен салаға сіңірген қызметіне берілген лайықты баға.
Теміржол – жай ғана көлік қатынасы емес. Ол – өндірістің, кәсіпкерліктің, экономиканың және халық тұрмысының тұрақты дамуына негіз болатын маңызды сала. Бүгінгі таңда «Арал теңізі» станциясының ұжымы өздеріне жүктелген жауапты міндетті абыроймен атқарып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлес қосып келеді.
01 тамыз 2026 ж. 28 0