Топ-баннер
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал – адамзатқа ортақ аманат

Арал – адамзатқа ортақ аманат

Кешегі кербез кемелер тербелген, айдынды жағалауда балалардың күлкісі жаңғырған Арал теңізі бүгінде тағдырдың талайлы тезінен өтті. Теңіз тартылып, тіршілік тынысы тарылған тұста мемлекет тарапынан қолға алынған маңызды шешімдер ел еңсесін түсірмей, үміт шырағын өшірмей келеді.Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Арал мәселесіне арнайы тоқталып, оның тек өңірлік емес, жаһандық маңызға ие екенін атап өтті. «Арал теңізін құтқару – бүкіл адамзат үшін аса маңызды міндет» деген Мемлекет басшысының сөзі –аралдықтарға ерекше серпін беретін мәлімдеме болды.
Шынында да, Арал теңізі тағдыры – бір ғана ауданның немесе бір елдің мәселесі емес. Бұл – экологиялық апаттың зардабын тартқан аймақ халқының өмір сапасына, денсаулығына, әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін күрделі түйткіл. Президенттің айтуынша, көпжылдық жүйелі жұмыстың нәтижесінде Солтүстік Аралды сақтап қалуға мүмкіндік туды. Бұл – ел тәуелсіздігінен бергі табанды еңбектің жемісі.
Бүгінде Көкарал бөгетін биіктету шаралары қолға алынбақ. Жоба жүзеге асқан жағдайда Кіші Аралдағы су көлемі едәуір артып, теңіз айдыны кеңейе түседі деген үміт бар. Бұл, ең алдымен, Арал ауданы тұрғындарының әл-ауқатына оң ықпал етпек. Балық шаруашылығы жанданып, жаңа жұмыс орындары ашылып, өңір экономикасының тынысы кеңейе түседі.
Дегенмен, теңіз тағдыры тек өз қолымызда ғана емес. Сырдария өзенінің суы көрші мемлекеттердің аумағынан бастау алады. Сондықтан су ресурстарын әділ әрі тиімді пайдалану – халықаралық деңгейдегі келісімдерге байланысты. Президент атап өткендей, Орталық Азия елдерімен су ресурстарын бірлесе пайдалану жөнінде келісімдер жасалған. Бұл – болашақта Арал мәселесін тұрақты түрде шешуге бағытталған маңызды қадам. Су – еліміз үшін стратегиялық ресурс. Демек, су қауіпсіздігі – ұлттық қауіпсіздікпен тең мәселе.
Президент былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құру туралы бастама көтерді. Бұл ұсыныс әлемдік қауымдастықтың назарын су мәселесіне аударып, трансшекаралық өзендер проблемасын бірлесіп шешуге жол ашпақ.
Алдағы сәуірде Астанада өтетін халықаралық экология саммитінде Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшылары бас қосып, теңіз мәселесін тағы да талқыламақ. Бұл – Сыр өңірі үшін маңызды жиын болмақ.
Арал – өткеннің өкініші ғана емес, болашақтың үміті. Кіші Аралдың қайта толуы – Сыр өңірінің қайта жаңғыруы. Жағалауға су келсе, көңілге нұр келеді. Толқын қайта туласа, тіршілік қайта жанданады.
Арал – біздің тарихымыз, тағдырымыз, үмітіміз. Кіші Аралдың қайта толуы – тек табиғаттың емес, тұтас өңірдің қайта түлеуі. Сондықтан әрбір бастама, әрбір жоба – аралдықтардың ертеңге деген сенімін нығайта түседі.
Аралды сақтау – ұрпақ алдындағы жауапкершілік.
Н. БАҚЫРАН
28 ақпан 2026 ж. 49 0