Ғасырлық тарихы бар балық шаруашылығы – өңірдің айбыны
Ғасырлық тарихы бар ата кәсіптің мерейтойы аудан көлемінде кең ауқымда аталып, теңіз төсін мекен еткен еңбек адамдарына құрмет көрсетілуде.
Сол игі шаралардың бірі ретінде ұйымдастырылған Балықшылар аллеясына сапар барысында мәртебелі меймандар балықшы еңбегінің мәңгілік ізін айшықтайтын ескерткіштермен, тарихи жәдігерлермен және аллеяның маңызымен танысты.
Тарих пен тағылым тоғысқан мекен
Теңіздей терең тарихы бар Арал өңірінде балықшылар өмірін бейнелейтін Балықшылар аллеясы бүгінде аудан орталығындағы ерекше мәдени нысанға айналған. Мұнда балықшы қауымның тұрмыс-тіршілігінде пайдаланылған көне құралдар, тарихи экспонаттар мен мұрағат деректері топтастырылған.
Бұл — еңбек адамдарының маңдай тері мен ерлікке толы жылнамасын көзбен көріп, өткеннің өнегесін бүгінмен сабақтастыратын тағылымды орын.
Көнекөз қариялардың айтуынша, кезінде қыж-қыж тіршілік қайнаған Арал порты талай кеменің тұрақты мекеніне айналған. Бүгінде сол заманда пайдаланылған қайықтар, кемелер мен вагондар аллея төрінен орын алып, балықшы рухын ұлықтар жәдігерге айналып отыр.
Ал аллея аумағындағы Балықшылар мұражайы – саланың даму тарихы мен оны өрге сүйреген тұлғалардың өмір жолын айшықтайтын рухани орда.
Тамырын тереңге жайған дәстүр
Шара барысында еліміздің әр өңірінен келген мәртебелі меймандар аллея аумағында ағаш көшеттерін отырғызып, ата кәсіпке деген құрметтің жарқын үлгісін көрсетті.
Бұл – табиғатты аялаудың, дәстүрді дәріптеудің және келешек ұрпаққа аманат қалдырудың нышаны іспетті игі бастама.
Сонымен қатар, қонақтарға балық өнімдерінен дайындалған тағамдардың сан түрі ұсынылып, қонақтар теңіз сыйының дәмін татты.
Балықшылардың күнделікті өмірі мен еңбегінің ерекшелігі жайлы сыр шертілді.
Еңбек пен елдікке құрмет
Теңіз төсінде ғұмыр кешкен еңбекқор жандарға тағзым ету – өткенге құрмет, болашаққа аманат.
Бұл шаралар легі – Аралдың ата кәсіпке деген адалдығының, еңбек адамын ұлықтаудың айғағы.
Балықшылар аллеясы – тек тарих пен дәстүрдің куәсі ғана емес, елдің еңсесін көтерген еңбек иелерінің мәңгілік ескерткіші.
А.НҰРЛАНОВА