Мерейтой қарсаңында қонақтар балықшылар аллеясында болды

Теңіздей терең тарихы бар ата кәсіпке деген құрметтің бір көрінісі ретінде, балықшылар өмірінен сыр шертетін Балықшылар аллеясы бүгінде аудан орталығындағы маңызды қоғамдық орындардың біріне айналды. Мұнда балықшы қауымның өмірінде пайдаланылған тарихи экспонаттар, тұрмыстық құралдар, көне жәдігерлер мен тарихи деректер топтастырылған. Еңбек адамының маңдай тері мен ерлікке толы жылнамасы көрініс тапқан бұл орын өткеннің өнегесін бүгінге жалғаған тағылымды мекен.
Көнекөздердің айтуынша, кезінде тіршілігі қыж-қыж қайнаған Арал порты талай кемеге тұрақ болған. Балық шаруашылығында қолданылған кеме, қайық пен вагондар бүгінде аллея төрінде балықшы рухын көтерер құнды жәдігерлерге айналған. Сондай-ақ, мұнда орналасқан Балықшылар мұражайы саланың даму тарихын, оны өрге сүйреген тұлғалардың тағдырын айшықтайды.


Шара аясында еліміздің әр өңірінен келген мәртебелі меймандар аллея аумағында өз қолдарымен ағаш көшеттерін отырғызып, ата кәсіпке деген құрметтің үлгісін көрсетті. Бұл – тек дәстүрге тағзым ғана емес, келешек ұрпаққа қалдырылған рухани мұра.
Сонымен қатар, қонақтарға балық өнімдерінен дайындалған тағамдардың сан түрі ұсынылып, берекелі дастарханнан дәм татып, балықшы өмірінің ерекше болмысымен танысты.






Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі