Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімінің мерекелік құттықтауы

Аудан әкімінің мерекелік құттықтауы

Құрметті балықшылар!
Сіздерді балық шаруашылығы қызметкерлері күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Тіршілігі теңізбен тығыз байланысқан аудан халқы үшін бұл мерекенің маңызы зор.
Арал өңірі – төрт түлік малымен қатар, тулаған балығымен аты шыққан берекелі де құтты мекен. Өңіріміздің ата кәсібі саналатын балық шаруашылығы бүгінгі күні жаңа деңгейде қайта оралып, қарқынды дамуда. Теңізіміз бен көлдер жүйесінің қойнауы балыққа толы болса, ол алдымен халықтың берекесі, елдің әл-ауқатының негізі.
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау» жобасының бірінші кезеңінің жүзеге асырылуы нәтижесінде ауданда балық шаруашылығының дамуына үлкен мүмкіндіктер жасалды. Теңіз деңгейі Арал қаласына 24 шақырымға дейін жақындап, бұрын жойылып кеткен балықтың 22 түрі қайта келді. Балық аулау көлемі жыл санап артуда.
Қазіргі таңда ауданда жылдық қуаттылығы 23 900 тонна болатын 9 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оның екеуінде Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін Еврокод белгісі бар. Жыл басынан бері ауданда 1457 тонна балық өнімдері Ресей, Польша, Литва, Нидерланды, Грузия елдеріне экспортқа шығарылды.
Биыл 1921 жылы Поволжье өлкесінде аштыққа ұшыраған халыққа көмек қолын созып, 14 вагон балық жөнелткен ата-бабаларымыздың қайырымды ісіне 100 жыл толып отыр. Балықшы бабаларымыздың ерлігін насихаттау мақсатында тарихи оқиғаның ғасырлық мерейтойы атап өтіліп, бірқатар шаралар ұйымдастырылатын болады.
«Өзен жағалағанның өзегі талмас» демекші, аудан тарихында тағдырлары теңізбен өрілген, Арал топырағының перзенттері – Социалистік Еңбек Ері, Ленин орденінің иегері Төлеген Әлімбетов пен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, атақты балықшы Нарғали Демеуов, Қазақ КСР-нің Балық шаруашылығының министрі болған, еліміздің балық шаруашылығын дамытуға зор үлес қосқан Құдайберген Саржанов сынды азаматтардың орны бір төбе. Бүгінде балық шаруашылығын игерудегі олардың еңбектері жас ұрпақ үшін өшпес үлгі-өнеге.
Бүгінгі күні де ауданымызда теңіз айдынында желкенін жықпай ата кәсіпті жалғастырып келе жатқан балықшылар легі елеулі еңбек етіп келеді.
Қадірлі балықшылар қауымы!
Күннің ыстығы мен суығына қарамай балық шаруашылығының дамуына үлес қосып жүрген Сіздерге құрмет көрсету біз үшін маңызды міндеттердің бірі.
Сіздердің жүйелі жұмыстарыңыздың нәтижесінде өңірімізде балық шаруашылығы одан әрі қанат жайып, жаңа белестерге шығады деп сенемін.
Баршаңызға зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларыңызға амандық, кәсіптеріңізге береке мен мол табыс тілеймін.

Ізгі ниетпен, Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов
10 шілде 2021 ж. 1 107 0