Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Теңізбен түлеген тіршілік

Теңізбен түлеген тіршілік

Бүгінгі күні ауданда балық шаруашылығы саласы қарқынды дамыды деп айтуға толық негіз бар. Өйткені балық шаруашылығы өңір экономикасының дамуына және халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, оларды жұмыспен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр. Себебі Арал теңізі мен Сырдария өзенінің жағасында тұратын жергілікті халықтың  өмірі мен тұрмысы балық шаруашылығымен тығыз байланысты. Бәрімізге белгілі, өткен ғасырдың 60-шы жылдары Сыр өңірі балық шаруашылығының дамуы бойынша республикада алдыңғы қатарда болды. Жылына 55-60 мың тоннаға дейін балық ауланды. Бұл сол кездегі саланың озық көрсеткіші.
Арал теңізінің тартылуы 80-ші жыл­дардан бастап балық шаруа­шылығы саласын тоқырауға ұшыратты. Теңіз суының тұздылығы 30 мгр/л дейін өсіп, балық аулау мүлдем тоқтайтын деңгейге жетті. Ондаған балық өңдейтін кәсіпорын мен балық аулайтын шаруа­шылық жабылды. Осының салдарынан балықшылар басқа өңірге көшуге мәжбүр болды. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 2000 жылы Солтүстік Арал теңізінен бар-жоғы 400 тонна балықтың бір-ақ түрі – камбала глосса балығы ауланған.
Ғасыр жобасы
Арал теңізінің тартылуы мұнда нә­пақа тауып отырған халықтың тұрмыс-тіршілігін ауырлатып жіберді. Сол се­бепті Елбасы Н. Назарбаевтың ті­ке­лей тапсырмасымен ғасыр жобасы атанған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС-1) жобасы қолға алын­ды. Жобаның бірінші кезеңінің жүзеге асырылуы өз нәтижесін бере бастады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық да­муына, оның ішінде балық ша­руа­шы­лы­ғының дамуына үлкен мүм­кін­­діктер берді. Жоба шеңберінде Солтүстік Арал теңізіндегі Көкарал су тоспасы, Әйтек су құрылысы кешені және Сырдария өзеніндегі қорғаныс бөгеттері салынды.  Теңіздегі балық қоры молайып, тұрғылықты халықтың игілігіне айналды. Нәтижесінде теңіз деңгейі Арал қаласына 17 шақырымға дейін жақындады. Сырдария өзенінен Солтүстік Арал теңізіне құйылатын су­дың көлемі көбейіп, өңірдегі көптеген био­логиялық түрлер қалпына келе бастады.
Өз кезегінде көлемі 20-30 мың гектардан асатын ондаған ірі көлдер қалпына келіп, балық шаруа­шы­лы­ғы­ның дамуына мүмкіндік жасады.
Теңізде бұрын жойылып кеткен балықтың 14 түрі қайта көрініс тапты. Ауданымызда балық аулау көлемі жыл санап артуда. Мәселен, балық аулау көлемі 2000 жыл­мен салыстырғанда 20 есеге өсіп, қазіргі таңда 400-ден 8000 тон­наға жетті. Аудан аумағында балық шаруашылығы маңызы бар Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені және 20 көл бар.
2019 жылға аудан бойынша барлығы 7067 тонна лимит болып бекітілген. Оның ішінде Кіші Арал теңізіне 6678 тонна, Қамыстыбас көлдер жүйесіне 335 тонна, Ақшатау көлдер жүйесіне 23 тонна, Приморский көлдер жүйесіне 31 тонна тиесілі болып отыр.
Өңдеу саласының өрісі
Ауданда 31 балықшылар бригадасы бар. Оларда 405 адам жұмыс атқарады. Балық аулау үшін қажетті өздігінен жүретін флот, өздігінен жүрмейтін флот,  үлкен кеме, шағын кеме, құрма ау, жылым, кермеше ау бар. Орман шаруа­шылығы және жануарлар дүние­сінің аумақтық инспекциясы Арал инс­пекциясы бөлімінің мәліметіне сүйенер болсақ, 2019 жылдың шілде айына дейін ауланған балық 865 тонна болса, аудандық статистика басқармасының мәліметі бойынша өңделген балық 1231 тонна деп көрсетіп отыр.
Балық аулау көлемінің өсуі балық өңдеу саласының дамуына мүмкіндіктер жасады. Аудандағы балық аулайтын шаруашылықтар мен балық өңдеу кәсіп­орындарында мыңдаған адам жұмыс­пен қамтылды.
Ауданда жылдық қуаттылығы 18900 мың тоннадан астам 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Бүгінгі күні «Арал балық өңдеу зауыты», «Арал СДО», «Камбала балық балықшылар өндірістік орталығы», «СДО Қарашалаң» ЖШС-ның балық өңдеу зауыттары балықты терең өңдеумен айналысатын болса, «Ар-М-Кон», «Бөген СДО», «Қуаныш» ша­ғын балық өңдеу зауыттары балықты қатыру, мұздату және ыстау сияқты жеңіл өңдеумен айналысады. Атап өту қажет, ауданда «Арал сервистік дайын­дау орталығы» ЖШС балық өңдеу зауы­ты – Еуропа нарығына шығуға мүм­кін­дік беретін Еврокод белгісі бар кәсіпорын.
 
Экспорт экономиканы арттырды
Жыл басынан бері 1446,556 тон­наға жуық балық өнімдері экспортқа шығарылған. Оның ішінде басым бөлігі Ресей, Польша, Украина, Қытай, Нидерландия, Грузия, Әзербайжан, Гер­мания, Қырғызстан елдеріне жіберілген. Аудандағы негізгі экспорттаушы «Арал СДО» ЖШС, «Қарашалаң СДО» ЖШС, «Қуаныш» ЖШС, «Камбала балық БӨО» ЖШС, ЖК «Кошекбаев Д» , ЖК «Караев Ж», ЖК «Кошкарбаев С»  кәсіпорындар болып табылады. 
Аудан орталығынан 120 шақы­рым­дағы Қосжар ауылында орналасқан Қамыстыбас балық өсіру питомнигі мен оның Тастақ учаскесінде балық өсіруге арналған арнайы инкубациялық цехтары бар. Оның 1-еуі гуманитарлық көмек арқылы Израильден әкелініп, құралдарымен жабдықталған. Облыс көлемінде табиғи су айдындарының балық қорын көбейту мақсатында республикалық бюджеттен жыл сайын Кіші Арал теңізіне және Ақшатау көлдер жүйесі мен Приморский, Қамыстыбас көлдер жүйесіне осы «Қамыстыбас балық питомнигі» РМКҚ арқылы шабақ­тар жіберіліп өсірілуде.
Кіші Арал теңізінде бүгінгі күнге дейін 18 балық аулау учаскесі болса, олардың барлығында қазіргі кезде ұзақ мерзімге бекітіліп берілген өз иелері бар. Бұдан басқа ауданда 20 көл бар, осы 20 көлдің 16 көлі табиғат пайдаланушыларға ұзақ мерзімге бекі­тіліп берілген. 4 көл резервте болған­дық­тан, иесі анықталмай, пайдала­ныл­май тұр.
Салаға серпін берген слет
Аралда 50 жылдан кейін бірінші рет балықшылар слеті өтіп, дәстүрлі мерекеге айналды. Осы шараны жыл­да атап өту мақсатында облыс әкімі­нің қолдауымен 2015 жылдан бастап қолға алынып, ауданымыздағы Қам­баш көлінің жағасында Арал өңірі ба­лық­шыларының слеті ұйымдастырылып келеді. 2019 жылдың шілде айының екінші онкүндігінде Арал өңірі ба­лық­шыларының V слетін өткізу жоспарланып отыр.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
10 шілде 2019 ж. 962 0