Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Берекесі артқан сала

Берекесі артқан сала

Сонау 2005 жылдан бастау алған Арал теңізінің екінші тынысы талай жанның нәпақасын арттырып, көптеген шаңырақтың тұрмысын түзеуге септігін тигізді. Бұл сәт біздің де күні кешегідей көз алдымызда. «Аралға Елбасы келеді» деген хабарды естігелі де ауданға жаңа толқын, жаңа леп келгендей сезілген еді. Шындығында солай болды да. Елге келіп, мұндағы ағайынның тұрмыс-тіршілігін көзбен көрген Елбасы Н.Ә.Назарбаев сол сапарынан соң аралдық ағайынға назарын салып келеді. Сол бір ерекше көзқарастың септігі болса керек, бүгінде біздегі тұралап қалған ата кәсіп қайта жанданды. Балық шаруашылығына бағытталған жалпы салалық жұмыста өсім байқалды. Нәтижелер өткен ғасырдың соңғы жылдарымен салыстырғанда әлдеқайда өсті.
1960 жылдары Сыр өңірі балық шаруа­шы­лығының дамуы бойынша республикада алдыңғы қатарда болғаны тарихтан белгілі. Алайда біз сөз етіп отырған Арал теңізінің тартылуы 80-ші жылдардан бастап аталған саланы тоқырауға ұшыратты. Табиғаттың бұл қатыгездігінен Аралдың тағдыры әлем алаңдайтындай жағдайға жеткені көптің есінде. Ондаған балық өңдейтін кәсіпорын мен балық шаруашылықтары жабылды.
Ал бүгінде жағдай басқаша. Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып, ғасыр жобасы атанған САРАТС жобасы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның ішінде балық шаруашылығының дамуына жол ашты. Сырдария өзенінен Солтүстік Арал теңізіне құйылатын судың көлемі көбейіп, өңірдегі көптеген биологиялық түрлері қалпына келе бастады. Өз кезегінде көлемі 20-30 мың гектардан асатын ондаған ірі көл қал­пына келіп, балық шаруашылығының дамуы қарқын алды.
Иә, осы саланың негізінде аудан бойынша қазіргі таңда жылдық қуаты он мыңдаған тоннаны құрайтын жеті балық өңдейтін зауыт жұмыс істеуде. Олардың қатары жыл санап көбеюде. Биыл тағы 1 балық зауыты іске қосылады деген қуанышты хабар бар. Ал балық сақтайтын қоймалардың өзі қаншама?! Міне, осындай көрсеткіштердің барлығы бүгінде аталған саланың айы оңынан туып келе жатқанын айғақтаса керек. Сол шаруашылықтың бел ортасында жүрген қауым үшін биыл, міне, кезекті рет балықшылар тойы өтпек. Ауқымы кең республикалық дәрежедегі тойдың бұл жолғы жөні басқаша. Себебі оған деген дайындық қазірден бас­талып кеткен. Балықшы қауымның мерейін тасытар маңызды шақта барша сала майталмандарына сәттілік тілеп, тойларың тойға ұлассын дегім келеді.
Е. Абуов,
балық шаруашылығы
саласының ардагері
10 шілде 2019 ж. 834 0