Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылым салып көк айдынның төсіне...

Жылым салып көк айдынның төсіне...

Бір кездері бүтін бір өңірдің берекесіне айналған Арал теңізі өткен ғасырдың орта шенінде тартыла бастағанда тұтас әлемді алаңдатқан еді. ХХ ғасырдың 60-шы жылдары Сыр өңірі балық шаруашылығының дамуы бойынша республикада алдыңғы қатарда болды. Жылына 55-60 мың тоннаға дейін балық ауланды. Алайда, біз сөз етіп отырған Арал теңізінің тартылуы 80-ші жылдардан бастап балық шаруашылығы саласын то­қы­рауға ұшыратты. Ондаған балық өң­дей­тін кәсіпорындар мен балық аулайтын шаруа­шы­лықтар жабылды. Теңіз суының тұздылығы 30 мгр/л дейін өсіп, балық аулау мүлдем тоқтайтын деңгейге жетті. Салыс­тырмалы түрде айтатын болсақ, 2000 жылы Солтүстік Арал теңізінен бар-жоғы 400 тонна, балықтың бір-ақ түрі – камбала глосса ауланды.
Аралдың тынысы тарыла бастаған шақ­та кіндігі осы теңізге байланған талай жан күйзеліске түсті. Бәрінен де бұрын осы теңіз­ден нәпақа тауып, тіршілік еткен балықшы қауымның тұрмысы тұралай бастады. Ау салып, балық аулаумен айналысқан қауым арасында үдере көшу белең алды. Сол кездерде туған жерден күнкөріс қамымен өзге өңірге кеткендердің дені бүгінде қарт балықшылар қатарына қосылған. Туған жер топырағын аңсап қайта келгендері қан­шама?! Қай-қайсысымен де тілдесе қалсаң, Кіші Аралдың қайта түлеуімен тіршілік жанданғанын айтып қуанады. Олар өзге жерде жүрсе де, сәт сайын жүрегі Арал деп соқты. Бүгінде көңілі тоқ, жаны тыныш. Ата кәсіпті балалары жалғастырып жатыр. Елімізде осы салаға жасалып жатқан қолдауға разы. Мұның барлығы тәуелсіз болып, өз алдымызға өмір кешіп жатқандығымыздың арқасы деп біледі. Расында, ауданда ғұмыр кешіп жатқан балықшы қауымның тілегі бір. Барлығы да елдің амандығы, жасап жатқан жұмыстың берекелі  болуын тілейді. 
Иә, САРАТС жобасының бірінші кезе­ңіне сәйкес типтік жобадағы «Көкарал» бө­геті салынғаннан кейін, Кіші Аралдың гид­ро­ло­гиялық, гидрохимиялық және биоло­гия­лық режимдері күрт жақсарды. 1990 жылдары Кіші Аралдың орташа тұздылығы, мұхит суының тұздылығымен бірдей, яғни 33,8 г/л болса, 2006-2010 жылдары ол көрсеткіш 3 есе азайып, 10-11 г/л болды. Кіші Аралдың суының тұздылығы азаюы оның байырғы кәсіптік маңызы бар балықтарының теңізде өсіп-өнуіне қолайлы жағдай туғызды. Салыстырмалы түрде 1990 жылдары тек қана балықтың камбала глосса және балтық майшабағы деген екі ғана түрі болса, қазіргі кезде балықтардың түрі көбейіп, 22-ге жетті. Балық аулау көлемі 2000 жылмен салыстырғанда 20 есегеөсіп, қазіргі таңда 400-ден 8000 тоннаға жетті.
Осы саланың негізінде аудан бойынша қазіргі таңда жылдық қуаты 18900тоннаны құрайтын 7 балық өңдейтін зауыт жұмыс жасауда. Атап өту қажет, «Еврокод бел­гісі» бар «Арал сервистік дайындау орта­лы­ғы» ЖШС Еуропа нарығына өз өнімде­рін шығарып келеді. Аудандық аумақтық инс­пек­циясыныңмәліметі бойынша 1091,516 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылған. Атап айтқанда, Ресейге – 549,25 тн, Польшаға – 178,20 тн, Украинаға – 59,99 тн, Қытайға – 100 тн, Нидерландияға – 64,08 тн, Грузияға – 100 тн, Әзербайжанға – 40 тн. Аудандағы негізгі балық экспорттаушы кәсіпорындар – «Арал СДО» ЖШС, «Қарашалаң СДО» ЖШС, «Қуаныш» ЖШС, «Камбала балық БӨО» ЖШС, ЖК «Кошекбаев Д», ЖК «Караев Ж», ЖК «Кошкарбаев С».
Өңдеу саласына тоқталар болсақ, көр­сет­кіш көңіл көншітерлік. Яғни, аудан бойынша 31 балықшылар бригадасы болса, оларда 405 адам жұмыс атқарады, 200 өздігінен жүре­тін флот, 15өздігінен жүрмейтін флот, 6 да­на үлкен кеме (СМБ-40), 2 дана шағын кеме (БМК-130), 6810 құрма ау, 24 жылым, 38 кермеше ау бар. Балық аулау көлемінің өсуі балық өңдеу саласының дамуына мүм­кін­діктер жасады. Аудандағы балық аулай­тын шаруашылықтар мен балық өң­деу кәсіпорындарында мыңдаған адам жұмыс­пен қамтылды.
Аудан орталығынан 120 шақырымдағы Қосжар ауылында орналасқан Қа­мыс­тыбас балық өсіру питомнигі мен оның Тастақ учас­кесінде балық өсіруге арналған арнайы инкубациялық цехтары бар. Оның 1-еуі гума­нитарлық көмек арқылы Израильден әке­лінген құралдармен жаб­дықталған. Об­лыс көлемінде табиғи су айдындарының балық қорын көбейту мақсатында рес­пуб­ликалық бюджеттен жыл сайын Кіші Арал теңізіне және Ақ­шатау көлдер жүйесі мен Приморский, Қа­мыстыбас көлдер жүйесіне осы «Қамыс­тыбас балық питомнигі» РМКҚ арқылы 14 млн. 800 мың дана майда бір жылғы шабақ және 420 мың екі жылғы шабақ жіберіліп, өсірілуде.
Міне, елге жасалған осындай қол­даудың арқасында бүгінде балық шаруа­шылығы саласының тіршілігі қайта жан­данды. 50 жылдан кейін бірінші рет балық­шылар слеті өтіп, ол бүгінде жылым салған қауымның дәстүрлі мерекесіне айналды. Осы шараны жылда атап өту мақсатында облыс әкімінің қолдауымен Қамбаш көлінің жағасында Арал өңірі балықшыларының слеті ұйым­дас­тырылып келеді. Мұның барлығы тәуел­сіздікті түлетуде ерен еңбектің үлгісін көр­сете білген Ұлт Көшбасшысының қолға алған жұмыстарының бір парасы ғана.
А. Бисенов
14 мамыр 2019 ж. 1 120 0