"Жарнама – тіл тазалығының көрнісі" атты облыстық байқаудың жүлдегерлері марапатталды
Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» атты облыстық байқаудың жүлдегерлері марапатталды.Байқаудың негізгі мақсаты - мемлекеттік тілдегі жарнама мәтінін сауатты ресімдеу жолдарын насихаттау, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы талаптарының орындалуын қадағалау және осы бағытта белсенділік танытып жүрген азаматтарды ынталандыру.

Басқарма басшысы Р. Каюпов кіріспе сөз сөйлеп, бүгінгі таңда қоғамдық орындардағы көрнекі ақпарат – еліміздің келбеті мен мәдени деңгейінің айнасы. Жарнама – қоғаммен тікелей байланыс орнататын, көпшілікке ой салатын маңызды ақпарат құралы. Сондықтан жарнама мәтінінің сауатты, түсінікті, әсерлі әрі қазақ тілінің табиғи заңдылықтарына сай болуы – баршамызға ортақ жауапкершілік екенін атап өтті.
Байқауға Қызылорда қаласы мен аудандардан бірқатар жеке азаматтар мен кәсіпкерлік нысан иелері өз жұмыстарын ұсынды.
Қатысушылардың материалдарын Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, қазылар алқасының төрағасы А. Әбілов бастаған қазылар алқасы бағалады.
Сараптау алқасының төрағасы Алдажар Әбдрасуллеұлы тауар өндіруші кәсіпкерлер мен осы бағытта белсенділік танытып жүрген азаматтардан келіп түскен жұмыстардың деңгейі туралы өз пікірін ортаға салды.
Байқау қорытындысымен I орынға «Қазалы өндірістік цехы» кәсіпкерлік нысанының басшысы Р.Бөлекбаев, II орынға Арал ауданынан Н. Ақылбекова, III орынды «Әділет» кәсіпкерлік нысанының басшысы Д. Ізбасарұлы иеленсе, ал ынталандыру сыйлықтары «Бауырдақ», «Маракеш» отбасылық мейрамханаларына табысталды.
Байқау жүлдегерлері басқарма басшысының Алғыс хатымен және сыйлықтармен марапатталды.

Байқау жеңімпазы республикалық кезеңге жолдама алып, келесі кезеңде Қызылорда облысының намысын қорғап, өз бағын сынайтын болады.
Барша марапат иелерін құттықтай отырып, шығармашылық табыс, сәттілік және биік белестер тілейміз!











