Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Сәтті жарнама"» акциясы өтті

«Сәтті жарнама"» акциясы өтті

Ауданымызда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында күні кеше «Сәтті жарнама» акциясы ұйымдастырылды. Акцияның негізгі мақсаты - қала аумағындағы маңдайша және сыртқы көрнекі жарнама мәтіндерін «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы», «Жарнама туралы» ҚР Заңдарының талаптарына сәйкес ретке келтіру.
Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен шараға Қызылорда облыстық оқыту орталығының Арал ауданы бойынша қызметкерлері, аудан еріктілері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Акция барысында Арал қаласындағы коммерциялық нысандар тексерілді. Нәтижесінде көрнекі ақпараттары (маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар) Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21-бабына қайшы келетін 12 кәсіпкерлік мақсаттағы нысан иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, маңдайша жазулары мен басқа да көрнекі ақпараттардың мәтіндерін жазу және орналастырудың схема-үлгісі ұсынылып, әдістемелік көмек ретінде жадынамалар таратылды.

Бөлім мамандарының айтуынша, биыл 9 айда 40-қа жуық коммерциялық нысанға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, Заң талаптарына қайшы орналастырған 19 нысан анықталып, бүгінде 7 нысанның жарнамалары ретке келтірілген.

Атап өту қажет, көрнекі ақпараттың барлық мәтіні мынадай ретпен: мемлекеттік тілде - сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тілінде оң жағына немесе төменгі жағына орналасады, бірдей өлшемдегі әріптермен жазылады. Қажеттігіне қарай көрнекі ақпараттың мәтіндері қосымша басқа да тілдерге аударылуы мүмкін. Бұл жағдайда қаріп өлшемі нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптардан аспауға тиіс.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

22 қазан 2020 ж. 612 0