Аудан әкімі сайлау учаскелерінің дайындығын бақылады
Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев аудандағы сайлау учаскелерін аралап, Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық барысын көрді.Аудан басшысы сайлау учаскелеріндегі әзірлік жұмыстарымен танысып, дауыс берушілер үшін қажетті жағдайлардың жасалуына назар аударды. Сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелерімен пікірлесіп, сайлау процесінің қолданыстағы талаптарға сәйкес ұйымдастырылуы, заңдылықтың сақталуы және азаматтардың өз таңдауын еркін білдіруіне барлық мүмкіндік жасалуы керектігін атап өтті.
Сондай-ақ аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы сайлау күні учаскелердегі жұмыстардың бірізді әрі жүйелі жүргізілуі маңызды екенін айтып, дауыс беруге келетін азаматтарға қолайлы орта қалыптастыруға және комиссия мүшелерінің жауапкершілігін күшейтуге баса мән беруді тапсырды.
Құрылтай депутаттарын сайлау – елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды қадамдардың бірі. Бұл үдерістің ашық әрі әділ өтуі ең алдымен әрбір сайлау учаскесіндегі дайындықтың сапасына және ұйымдастыру жұмыстарының талапқа сай жүргізілуіне байланысты.
Айта кетейік, ауданда барлығы 56 сайлау учаскелері белгіленген. Оның 16-ы Арал қаласында болса, 40-ы ауданға қарасты кент және ауылдық округтерде орналасқан. Дауыс беруші халық саны 47 149 адам.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі












