Мұнай саласының мерейлі белесі: «Құмкөлге» – 40 жыл
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен Мұнайшылар күні аясында «Құмкөл» кен орнының өнеркәсіптік игерілуінің 40 жылдығына арналған «Құмкөл: Қара алтын шежіресі» атты салтанатты шара өтті.
Аймақ басшысы мұнай саласының ел экономикасындағы маңызын атап өтіп, мамандарды кәсіби мерекемен құттықтады.«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Мұнай-газ саласы – экономикамыздың тірегі, еліміздің қарқынды дамуының кепілі. Мемлекет әрқашан энергетика саласының әлеуетін арттыруға, жаңа кен орындарын игеруге және сала жұмысшыларының мүддесін қорғауға ерекше көңіл бөледі» деп атап өткен болатын.
Бұл сала мемлекеттік бюджеттің басым бөлігін қалыптастырып, ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға және әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруда Қызылорда облысындағы мұнай компанияларының, онда еңбек ететін мұнайшылардың үлесі зор.
Сіздер тек Қызылорданың игілігіне ғана емес, тұтас мемлекеттің көркеюіне, экономикалық өркендеуіне, әлеуметтік тұрақтылығына атсалысып келесіздер», – деді Мұрат Ергешбаев.
«Құмкөл» кенішін игеру туралы шешім осыдан қырық жыл бұрын қабылданып, кен орны өңірдегі өндірістің өзегіне айналды. Облыс мұнайлы аймаққа айналу жолында қалыптасу, даму кезеңдерінен өтті.
Салтанатты шарада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов, «CNPC Central Asia» және «CNPC Kazakhstan» компанияларының бас директоры Ян Миньюй, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ президенті Чэнь Даю құттықтау сөз сөйледі.
Мұнай-газ саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі мен өндірістік қызметтегі жоғары жетістіктері үшін сала мамандары мемлекеттік және салалық марапаттарға ие болды.
Атап айтқанда, мұнайшыларға «Құрмет» ордені, Қызылорда облысының Құрмет грамотасы, III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені, «Үздік мұнайшы» төсбелгісі, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ естелік белгісі мен Құрмет грамотасы, «CNPC Kazakhstan» компаниясының Құрмет грамотасы, сондай-ақ «Құмкөл» кен орнының 40 жылдығына арналған мерейтойлық медаль табысталды.
Өңірде мұнай компанияларының қолдауымен әлеуметтік нысандар салынып, инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар жүзеге асуда. «ҚазГермұнай» компаниясының демеушілігімен «Оқушылар сарайы», «Саутс Ойл» компаниясының қолдауымен музыкалық колледж ғимараты жатақханасымен бірге салынды. Ал «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ жыл сайын қайырымдылық шараларына 150 млн теңгеден астам қаржы бөліп келеді.
Мұнай компаниялары қоршаған ортаны қорғауды басты назарда ұстап, зиянды қалдықтарды ауаға таратпау, «жасыл» технологияларды өндіріске енгізу бағытында маңызды жобаларды жүзеге асырды. Жаңа кеніштерді анықтау мақсатында шөгінді бассейндерді зерделеу қарастырылған. Арал шөгінді бассейнінде геологиялық зерттеу жұмыстары 2024 жылдың желтоқсан айында аяқталып, шамамен 1,1 млрд.тонна көмірсутек қоры анықталды. Ал, Сырдария шөгінді бассейнін зерттеу жалғасуда. «СаутсОйл» компаниясы тақтатас мұнайын дәстүрлі емес тәсілмен өндіру үшін дайындық жұмыстарын бастады.
Мерекелік шарада көрермендерге арнайы концерттік бағдарлама ұсынылып, ән мен күйден шашу шашылды. Эстрадалық-симфониялық оркестр, «Сыр самалы» вокалдық-аспапты және «Томирис» би ансамбльдері өнер көрсетіп, кеш мазмұнын аша түсті.@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі









