Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫРДЫҢ КРЕАТИВТІ ӘЛЕУЕТІ ЕЛОРДА ТӨРІНДЕ

СЫРДЫҢ КРЕАТИВТІ ӘЛЕУЕТІ ЕЛОРДА ТӨРІНДЕ

Сыр өңірінің тарихи-мәдени мұрасы мен заманауи шығармашылық жетістіктері елорда төрінде кеңінен таныстырылды. 12–13 қыркүйек күндері Астана қаласында «Creative Aimaq» республикалық жобасы аясында «Тамырдан туындыға…» атты көрме-жәрмеңке ұйымдастырылып, Қызылорда облысының креативті индустриядағы әлеуеті көпшілікке ұсынылды.
Ауқымды шараға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрлері Евгений Кочетов, Айбек Сыдықов, Креативті индустрияларды дамыту қорының басқарма төрағасы Ерлан Қаналимов, облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, зиялы қауым өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және елордалық тұрғындар қатысты.
«Тамырдан туындыға…» атауының өзі шараның негізгі мазмұнын айқындап тұрғандай. Көрме барысында Сырдың ғасырлардан жалғасқан дәстүрі мен мәдениеті бүгінгі шығармашылық ізденістермен сабақтастырылды. Ұлттық құндылықтарды жаңа форматта таныту, жергілікті креаторлардың тың жобаларына қолдау көрсету – шараның басты бағыттарының бірі болды.
Көрме-жәрмеңкеге жүзге жуық креатор қатысып, экономиканың 21 бағыты бойынша авторлық туындылары мен шығармашылық өнімдерін ұсынды. Әсіресе Сыр елінің басты брендтерінің бірі саналатын ақ күріштен жасалған бейнелеу өнері туындылары көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Күріш арқылы өңірдің табиғаты, тұрмыс-тіршілігі мен тарихын бейнелеген шығармалар Сыр мәдениетінің өзіндік ерекшелігін көрсетті.
Көрмеден дәстүрлі қолөнер бұйымдары да лайықты орын алды. Сүйек, ағаш және киізден жасалған ұлттық дүниелерден шеберлердің еңбегі мен ұлттық өнерге деген құрметі аңғарылды. Әр туындыдағы дәстүрлі өрнек пен табиғи материалды ұқыпты өңдеу шеберлігі Сыр бойындағы қолөнердің өзіндік мектебін танытты.
Креативті алаңда Qyzylorda Hub мамандары өз жобаларын таныстырып, өңірдегі шығармашылық бағыттағы жұмыстардың нәтижесін көрсетті. Ал «Qyzylorda» телеарнасы «Syr Travel», «Qyzylorda Expedition», «Құдайы қонақ» секілді жобаларын ұсынып, Сыр өңірінің туристік және мәдени әлеуетін заманауи форматта насихаттаудың мүмкіндіктерін таныстырды.
Шара барысында Qazaq Creative Hub алаңында Сыр өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарлама да ұйымдастырылды. Ерекшелігі – ұлттық өнердің жасанды интеллект технологияларымен ұштастырылуы. Бұл дәстүр мен заманауи технологияның үйлесімін көрсетіп, көрерменге тың шығармашылық бағыт ұсынды.
Бүгінде Қызылорда облысында креативті индустрияны дамытуға үлес қосып жүрген 146 креатор бар. Олардың 120-сы, яғни 82,2 пайызы республикалық креаторлар реестріне енгізілген. Бұл көрсеткіш өңірдің шығармашылық әлеуетінің жоғары екенін аңғартып, Қызылорда облысын республика өңірлері арасында алғашқы үштікке шығарды.
Астана төрінде өткен «Тамырдан туындыға…» көрме-жәрмеңкесі Сыр елінің тек тарихи мұрасымен ғана емес, жаңа заманға бейімделген шығармашылық мүмкіндіктерімен де ерекшеленетінін көрсетті. Ұлттық құндылықты жаңғыртып, оны заманауи өнермен ұштастырған мұндай жобалар өңірдегі креативті индустрияның дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз.
Н. БАҚЫРАН
15 қыркүйек 2026 ж. 53 0