Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » “CREATIVE CARAVAN” ОБЛЫСТЫҚ КРЕАТИВ КӨРМЕСІ АРАЛДА ӨТТІ

“CREATIVE CARAVAN” ОБЛЫСТЫҚ КРЕАТИВ КӨРМЕСІ АРАЛДА ӨТТІ

Бүгін Арал аудандық Руханият орталығында “Creative Caravan” атты облыстық креатив көрмесі өткізілді. Шараның мақсаты – өңір шеберлерінің шығармашылық әлеуетін арттыру, ұлттық мәдениет пен қолөнерді кеңінен насихаттау.
Көрмеге Арал ауданының қолөнер шеберлері қатысып, өздерінің ерекше туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Атап айтқанда, табиғи материалдардан жасалған бұйымдар, киіз және кесте өнерінің үлгілері, зергерлік әшекейлер мен заманауи сәндік қолданбалы жұмыстар көрермен назарына ұсынылды.

Шара барысында “AMANAT” партиясы Арал аудандық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының өкілдері көрме экспозицияларымен танысып, қатысушылармен пікір алмасты. Олар аудан шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдарға жоғары баға беріп, олардың еңбегінің ұлттық мәдениетті сақтаудағы маңызы зор екенін атап өтті.

Сонымен қатар, көрме қатысушыларына өз жұмыстарын облыстық деңгейде таныту мүмкіндігі беріліп, болашақта кәсіби дамуға бағытталған шеберлік сабақтары мен тәжірибе алмасу алаңдарын ұйымдастыру жоспарланғаны айтылды.

Мұндай шығармашылық бастамалар жергілікті шеберлердің өнерін қолдап қана қоймай, олардың идеяларын дамытуға, өңірдің мәдени бренді мен туристік әлеуетін арттыруға өз үлесін қосатыны анық.
10 қараша 2025 ж. 199 0