Аралда қолөнер шеберлері арасында байқау өтті

Тегінен теңізді өлкенің қасиетін бойына сіңіріп, ата-бабамыздан қалған ұлттық өнердің өлмеуіне тер төгіп жүрген 30 шақты қолөнершілердің басын қосқан байқауда алдымен таланттардың төл туындылары кеңінен таныстырылып өтті. Байқау барысында таза табиғи өнімдерден әзірленген түрлі бұйымдарын ұсынып, кеңінен түсіндіріп өткен шеберлер қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арнаған туындыларын да ерекше ықыласпен ортаға салды.
Аудандық деңгейде өткен көрмеде ұлттық оюмен өрнектелген жастық, көрпеше, қазақы нақыштағы камзол, сәукеле, киіз-үй жабдығы, жүннен жасалған түрлі бұйымдары қойылды. Сонымен қатар ағаш ұсталарының көз сүрінер сұлулыққа толы естелік кәдесыйлары көрме қонақтарының назарына ұсынылды. «Шебердің қол ортақ» демекші қолөнершілердің төл туындыларынан ұлттық болмыс сезіліп, терең мағына беретіні айқын көрінді.
Байқауда сөз алған аудан басшысы «Қазақ ұлтының қолөнері, ою-өрнегі ғасырлар қолтаңбасы, ата-бабалар тіршілігінің куәгері, солардан қалған өшпес мирас, өлмес мұрасы. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, ерекше қасиет дарыған Арал өңірінен де халық арасынан асылдың сынығы, тектінің тұяғы саналған зерделі шеберлер көп шыққан. Бүгінгі күні де қолөнерді жанына серік етіп жүрген жандар аз емес. Олар ата-бабаларымыздан қалған төл өнерімізді жалғастырушы, жаңғыртушылар десек артық емес»,- дей келе ұлтымыздың төл өнері саналған қолөнердің өрісін кеңейту жолында тер төгіп келе жатқан зергер, шебер-ұсталарға алғысын білдіріп, еңбектеріне сәттілік тіледі. Одан әрі қазылар алқасының шешімімен байқау қатысушыларына арнайы номинациялар мен аудан әкімінің алғыс хаты, ынталандыру сыйлықтары табысталды.

