Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда "Атадан балаға мұра" атты облыстық қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті

Аралда "Атадан балаға мұра" атты облыстық қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті

Кеше аудандық мәдениет үйінің фоесінде «Дәстүр» қолөнер орталығының «Атадан балаға мұра» тақырыбындағы облыстық көрмесі ұйымдастырылды.
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткізілген шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, «Дәстүр» қолөнер шеберлер орталығының қоғамдық қорының директоры Қанат Ақпанов, қор мүшелері мен жергілікті және аймағымыздың өзге өңірлерінің қолөнер шеберлері қатысты.
Көрменің ашылу салтанатында сөз алған аудан басшысы «Қазақ ұлтының қолөнері, ою-өрнегі ғасырлар қолтаңбасы, ата-бабалар тіршілігінің куәгері, солардан қалған өшпес мирас, өлмес мұрасы. Бүгінде қолөнер саласында еңбек етіп, жанына серік еткен жандар аз емес. Олар ата-бабаларымыздан қалған төл өнерімізді жалғастырушы, жаңғыртушылар десек артық емес. Қазіргі таңда ауданымыздағы қолөнер шеберлері Құлмамбетов Құдайберген, Баймаханов Оңғарбай ағаларымыз, Анапияева Гүлнар апайымыз, Қалыбаев Мырзабек, Шайхы-Ислам Мағауияұлы, Бектұрсынов Құрманғазы, белгілі суретші Бөкешов Берік сынды азаматтар атадан қалған өнер түрін жалғастырып, оның қыр-сырын жастарға үйретіп келеді»,- дей келе ұлтымыздың төл өнері саналған қолөнердің өрісін кеңейту жолында тер төгіп келе жатқан зергер, шебер-ұсталарға алғысын білдіріп, еңбектеріне сәттілік тіледі.
Одан әрі Жаңақорған ауданынан келген ҚР қолөнершілер одағының мүшесі, «Дәстүр» қоғамдық қорының демеушісі, кәдесый, ағаш шебері Пахрадин Садықов сөз алып, осындай кең көлемді, тағылымды шараны өткізуге қолдау танытқан аралдықтарға алғысын білдіре келе көрмеге қойылған шеберлердің бұйымдарын арнайылап көпшілікке таныстырып өтті.
Облыстық деңгейде өткен көрмеде ұлттық оюмен өрнектелген жастық, көрпеше, қазақы нақыштағы камзол, сәукеле, киіз-үй жабдығы, жүннен жасалған түрлі бұйым қойылды. Сонымен қатар ағаш ұсталарының көз сүрінер сұлулыққа толы естелік кәдесыйлары көрме қонақтарының назарына ұсынылды. «Шебердің қол ортақ» демекші қолөнершілердің төл туындыларынан ұлттық болмыс сезіліп, терең мағына беретіні айқын көрінді.
Көрме аяқталған соң аудан əкімі бастаған, қолөнершілер қоштаған қауым жерлесіміз Қолөнершілер Одағының мүшесі, Суретшілер Одағының мүшесі, суретші-зергер Құдайберген Құлмамбетовтың үйіне ат басын бұрып, құрмет көрсетті. Ұлттық өнерден қол үзбей, ата жолын жалғаған белгілі дарынға аудан басшысы ізгі лебізін білдіре келе арнайылап "Құрмет Грамотасын" табыс етті.
Құдайберген Тағжанұлы - оқушы кезінде жеке сурет көрмесін өткізген. Сол кезден бастап, осы күнге дейін әртүрлі деңгейдегі көрмелерге қатысып келеді. Оның шығармашылығы еленіп, 2003 жылы Қазақстан суретшілер Одағының мүшелігіне қабылданды.
Құдайберген ағамыздың әкесі де Сыр еліне белгілі атақты ұста, зергер болған. Қазіргі жас қолөнер шеберлері заманауи әдіс түрлерімен бұйымдар жасап шығарып жатса, ағамыз сол әкеден қалған құйма әдісі арқылы бұйымдар жасайтын Қазақстандағы бірден бір зергер. Осы өнер түрімен отыз жылдан астам уақыт айналысқан Құдайберген ағамыз - қылқалам шебері, әрі саздан мүсін жасайды, ағаштан да ою ояды.
Атап өту қажет, бүгінгі өткізілген көрменің басты мақсаты – ұлттық қолөнерді дамыту, қолөнер шеберлеріне қолдау көрсету, олардың жасаған бұйымдарын халық арасында кеңінен насихаттау, жас әрі дарынды қолөнершілерді анықтау. Одан қалды бабадан қалған қолөнерді ұрпақ санасына сіңіріп, кәсіп ретінде дамыту.

"Толқын" ақпарат
04 сәуір 2021 ж. 895 0