Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қол өнері - қазақтың төл өнері

Қол өнері - қазақтың төл өнері

Өнер – халық тарихының шежіресі. Осы өнер арқылы өмірдің кең тынысы, тіршілік құбылыстары, адамның әр түрлі сезімі бейнеленеді. Сөз, әуен, қолөнер адам өмірінің сан ғасырлық тарихынан көптеген нәрсені көрсетіп, алуан түрлі сыр шертеді.
Соның бір саласы дәстүрлі қол өнер. Қолданбалы өнер дегеніміз дәстүрлі тұтыну және сәндік бұйымдарын жасайтын ұсақ өндіріс. Ұсақ өндіріс десек те, үлкен дүниелерді тудырушылар – қолөнершілер. Қолөнершілер негізінен табиғи шикізаттарды пайдаланып, қарапайым еңбек құралдарының көмегімен көркем композицияның шешімімен тұрмысқа қажетті мүліктер, музыкалық аспаптар, қару-жарақ, құрал-саймандар жасайды. Әрбір қолөнер туындысы өз заманының материалдық мәдениетінің үлгісі және халық талғамының, әлеуметтік қоғамдық жағдайының, діни сенімінің, салт-дәстүрінің нақтылы көрінісі.
Десе де қазіргі таңда осынау қастерлі өнердің құны жойылып бара жатқандай көрінетін кездер болатынын жасыра алмаймыз. Ішінара болмаса осы бір өнерді кәсіп етіп, бар өмірін қолданбалы өнерге арнаған жандар көп емес.
«Шеберлінің қолында, кәсіп болған бұл ағаш» деп Қашаған жырау айтпақшы ағаштан түйін түйіп жүрген сол санаулы азаматтарымыздың бірі Әлнұр Жарқынбаев. Әлнұр бүгінгі таңда Жақсықылыш кентіндегі №19 орта мектептің мұғалімі. Өз ісін сүйіп жасайтын ол бүгінгі таңда сол бір кенже қалып келе жатқан, төзімділік пен шыдамдылық талап ететін дүниені оқушыларына үйретуді алдына мақсат еткен. Арнайы қол өнер үйірмесін ашып, қызығушылығы мен қабілеті бар балаларды даярлап келеді. Бүгінгі күнге дейін шәкірттерімен бірлесе отырып ағаштан жасаған бұйымдары талай облыстық, аудандық көрмелердің төрінен орын тауып үлгерді.
Сонымен қатар, үйірмеге қатысатын оқушылар өзінің алтын ұя мектептеріне пайдасы тиетін іспен айналысқанын мақтан тұтады. Олар өз қолдарымен жасалған заттарды сатылымға шығарып, жиналған ақшадан мектепке қажетті жабдықтарды алуға аз да болса көмегін тигізеді екен.
Қазақта «шыдамы жеткен шебер болар» деген аталы сөз бар. Қайырымдылыққа, шыдамдылық пен сабырлыққа өз шәкірттерін өнер үйрету арқылы тәрбиелеп жүрген Әлнұр Жарқынбаев:
- Қазақтың қолөнері, зергерлік өнері өзінің төлтума бітім қасиетімен, көркемдік мән-мағынасымен шын мәніндегі халқымыздың ғасырлар тағылымынан өткен асыл қазынасы. Осы асыл қазынаны жоғалтпай, әрі қарай дамыту біздің болашақ жастарымыздың міндеті. «Бүгінгі кісібің – ертеңгі нәсібің»,- деп бекер айтылмаған. Ел арасында сиреп бара жатқан қолөнер шеберлерінің туындыларын, көне мұраларын тауып, оны түрлендіріп жаңғырту және ұлттық қолөнер арқылы эстетикалық тәрбие берудің бірден-бір құрамына айналдыру біздердің парызымыз, - дейді. Рухани құндылықтарымызды жүректерінің төріне құндақтаған азаматтарымызға табысты еңбек тілейміз.
О. ЖОЛДАСОВ.
29 мамыр 2018 ж. 5 179 0