Қазақтың қолөнерін қастерлеген

Арал қолөнершілерінің тізімінің басында Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Құдайберген Құлманбетов тұр. Тектілік перзент бойына әкенің қаны, ананың сүтімен даритыны ғылыми тұрғыда дәлелденген. Өнер қонған әулетте дүниеге келген Құдайбергеннің қолөнерге деген қызығушылығы балалық шағынан бастау алды. Сонау оқушы күндерінде-ақ өзі дәріс алған №13 Т.Г.Шевченко атындағы мектепте «Суреттер полотнасы» атты жеке көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Осындайда балауса дарынның талабын ұштаған, өзіне деген сенімін нығайтқан білім ордасының басшылары, ұстаздардың көрегенділігіне еріксіз сүйсінесің.
«Қанат ұшса қатаяды». Сол мектеп қабырғасынан өрбіген Құдайбергеннің қадамы сәт санап шыңдалды. Бүгінгі таңда өзі де сан шәкіртті қолөнердің қыр-сырына баулыған тәлімгер. Айтуға оңай. Әсірелеп жеткізсек, бейнеті инемен құдық қазғаннан бетер өнерді меңгеруге жүйкесі темірдей адам қажет. Оған көкейдегіні жандүниесімен сезінетін аса нәзік түйсікті, қиядағыны шалатын қырағы назарды қосыңыз. Қолөнерші азамат «Мұрагер» атты жеке шеберханасының жұмысын жолға қойған. Яғни, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Аталуының өзінен бабалар мұрасына деген адалдық аңғарылатын шеберхана аудан тұрғындарына жақсы мәлім.
Құдайбергеннің жеткен жетістігін санамаласаңыз, есебінен жаңыласыз. Ол Қызылордада өткен конкурстың «Халықтық көркем кәсіпшілік» саласы бойынша лауреаттығын жеті жыл қатарынан жеңіп алды. Президент мәдениет орталығында ұйымдастырылған қазақстандық ІІІ «Шебер-2011» конкурсының «Озат іскер» номинациясының жеңімпазы атанып, Малайзия еліне жолдама иеленді. Әр жылдары ауданның «Жылдың үздік қолөнер шебері», «Жылдың үздік зергері» атанды. Бірнеше мәрте аудан әкімінің диплом, Алғыс хаттарымен марапатталды. Аудандық, облыстық, республикалық, аймақтық, Орта Азия, БҰҰ-ның халықаралық көрмелеріне қатысты. Жүлделерге ие болды. Оның қолынан шыққан бұйымдары Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Қазалы, Арал музейлерінде жәдігерлікке алынған. Бірнеше жұмыстарына шетел азаматтары қызығушылық танытты. Оның қолөнер бұйымдары алыс-жақын жерлерден келген қонақтарға кәде-сый ретінде табыс етіледі.
«Елдің атын ер шығарады» деген осы.