Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагерлер кеңесінің жаңа төрағалары сайланды

Ардагерлер кеңесінің жаңа төрағалары сайланды

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық ардагерлер кеңесінің VIII конференциясы өткізілді.

Конференцияға аудан әкімі Серік Сермағамбетов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Нәжмәдин Мұсабаев, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының кеңесшісі Мақсұт Баекеев және «ZOOM» платформасы арқылы кент, ауылдық округ әкімдері мен кент, ауылдық округтердегі ардагерлер кеңесінің төрағалары, БАҚ өкілдері және тиісті делегаттар қатысты.

Конференция жұмысына кіріспес бұрын бүгінге дейін аудандық ардагерлер кеңесіне төрағалық етіп келген Кішкене Айбосыновқа құрмет көрсетілді. Қатысушылар Кішкене Дәуренбекұлының абыройлы өмір жолына тоқталып, атқарған жұмыстарын тілге тиек ете отырып, алғаусыз алғыстарын, ізгі лебіздерін білдірді. Осы орайда аудан әкімі С.Сермағамбетов ауданымыздағы ардагерлер кеңесіне төрағалық етіп келген К.Айбосынов пен Ә,Садықбаев ағаларымыздың еңбек жолына тоқталып, «Екі ағамыз да зейнеткерлік жаста болса да қоғамнан қол үзбей, аудан жұртының жоғын жоқтап, елге келген билік өкілдерінің, халық қалаулыларының алдында, елдің елеулі тұлғаларының ортасында түйінді мәселелерді көтеріп келді. Ауданымыздың таза ауыз суға, көгілдір отынға қол жеткізуі, көптеген әлеуметтік нысандардың бой түзеуі сынды жетістіктерінің артында осы ағаларымыздың орасан зор еңбегі, азаматтық ұстанымдары жатыр десек артық айтқандық емес»,- дей келе, К.Айбосыновқа дәстүрімізге сай шапан жапты. Бұған қоса С.Дүйсенбаев облыстық ардагерлер кеңесінің арнайы алғыс хатын тапсырып, құрмет көрсетті.

Конференция отырысының күн тәртібінде 2 мәселе қаралады. Алдымен конференция қатысушылары аудандық ардагерлер кеңесінің атқарған жұмыстары туралы есебін тыңдады. Бұл жайында аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Алдаберген Жоланов баяндап өтті. Күн тәртібі одан әрі ардагерлер кеңесінің пленум мүшелерін және Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің конференциясына делегаттарын сайлауға ұласты. Алдымен есеп-санақ және тексеру комиссиясының құрамы бекітіліп, аудандық ардагерлер кеңесінің пленум мүшелері сайланды. Одан әрі облыстық ардагерлер кеңесі конференциясына 6 делегат бірауыздан сайланды.

Конференция жұмысы одан әрі облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаевтың төрағалығымен өткен аудандық ардагерлер кеңесінің пленум отырысына ұласты. Аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшелерін сайлауды өткізген пленум мүшелері сайланған алқа мүшелері арасынан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасын сайлады. Осылайша аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып бір ауыздан Әділбек Әйімбетов сайланды.

Мұнан әрі аудандық ардагерлер кеңесінің пленум отырысына жалғасқан басқосуда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып Әділхан Танымбетов сайланды. Осылайша ауқымды түрде өткізілген ардагерлер кеңесінің отырыс бойынша облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Н.Мұсабаев, аудандық денсаулық, білім саласының ардагерлері өз пікірлерін ортаға салып, ардагерлер кеңесіне жаңадан сайланған төрағаларға сәттілік тіледі. Ал, аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, ауданның абыз ақсақалы Шәкірат Дәрмағамбетов жаңа сайланған азаматтарға, игі бастамаларға ақ батасын берді.






Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

27 тамыз 2021 ж. 639 0