Қызылордалық ардагерлер облыста эпидахуалдың ушыққанына алаңдаулы

Індетпен күресте алдымен ауызбіршілік керек деген Серік Әбішұлы бірінші кезекте аймақтағы індеттің таралу көрсеткіштерін сөз етті.
«Әлемнің ортақ мәселесіне айналып, жер жүзіне тараған індет күн санап өршуде. Өткен тәулікте ел аумағында 7 мыңнан аса адам дертке душар болса, біздің аймағымызда 220 адам індет жұқтырды. Сондықтан сақтық шараларын күшейтіп, екпе алуымыз керек», – деген ардагерлер кеңесінің төрағасы вакцинаның тиімділігіне де тоқталды.
Сонымен қатар өңір тұрғындарына көпшілік орындарға бармауға кеңес беріп, той-жиын, отбасылық мерекелерді мейлінші азайтуды ұсынды.
«Індетке шалдыққандар туралы соңғы мәліметтер ардагерлердің алаңдауының негізсіз емес екендігін көрсетсе керек. Дәрігерлер қауымы қолдан келген ем-домның бәрін жасауда. Бірақ емделу, індетті жұқтырмау тек мамандарға ғана емес, өзімізге де байланысты екенін ұмытпауымыз қажет», – деді Серік Дүйсенбаев.