Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Құрметті аудан тұрғындары!

Құрметті аудан тұрғындары!

Елімізде қауіпті індеттің таралу қарқыны бәсеңдемеуі салдарынан эпидемиологиялық ахуал күрделене түсуде. Аурудың алдын алу шаралары дер кезінде қолға алынса да, ауданымызда індетті жұқтырғандардың саны азаймай отыр.
Қазіргі таңда аудан бойынша дертке шалдыққан 104 адам тиісті ем қабылдауда. Провизорлық стационарға 72 адам жатқызылса, науқастармен жақын қарым-қатынаста болғандар үй жағдайындағы карантинге алынды.
Сонымен қатар, жүйке аурулары бөлімшесінің ғимаратынан 80 төсектік провизорлық стационар дайындалды. Ал жүйке аурулары бөлімшесі Матай Үмбет би көшесіндегі бұрынғы ғимаратқа қайта көшірілді.
Коронавируспен күрес ешкімге оңайға соқпайтыны белгілі. Сақтық шараларын күшейту мақсатында бүгіннен бастап 14 күнге дейін карантиндік қатаң шектеу шаралары енгізілді. Ахуал тұрақталғанша карантин режимі ұзартылуы мүмкін.
Біз карантин ережелерін қатаң сақтауға тиіспіз. Күнделікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қауіпті індеттің әлде де толастамай, анықталу дерегі тіркеліп жатқандығынан хабардарсыздар. Орын алған жағдайдың бәрі де бірінші кезекте жауапкершілікке келіп тірелетіні белгілі. Себебі, қазіргі таңда тұрғындарымыз көпшілік ортада бетперде тағуды ұмытып, сақтық шараларын сақтауға құлықсыздық танытуда. Бұл- аурудың өсуіне әкелетін бірден бір фактор.
Сондықтан, дәл қазіргі індеттің алдын алып, оны тоқтату ең алдымен өз қолымызда екендігін естен шығармауымыз қажет.
Халық көп шоғырланатын жерлерге бара қалсаңыз, міндетті түрде бетперде, арнайы қолғап пайдаланыңыздар. Арақашықты сақтау басты қаперіңізде болсын.
Бұл індет жас ерекшелігіне қарамастан жастар мен қарт адамдарға да жұғуда. Сондықтан отбасылық салт-дәстүрлер аясында өткізілетін жиын-тойларды, құдажол, садақаларды мүлдем тоқтатуымыз қажет.
Карантин режимінің талаптарына құлақ аспай, қарапайым қағидаларды сақтамау - қоғам үшін қауіпті екенін естен шығармайық.
Бұл індетті еңсерудің тиімді жолы – үйден шықпай, қауіпсіздік шараларын берік ұстанып, жан-жағымызға, жақындарымызға жанашырлықпен қарау.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.
07 шілде 2020 ж. 879 0