Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада ардагерлер кеңесі облыс жұртшылығына үндеу жасады

Қызылордада ардагерлер кеңесі облыс жұртшылығына үндеу жасады

Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев пандемияға қатысты үндеу жасады.
Құрметті облыс тұрғындары!

Өздерінізге белгілі, бүгінде – жер-жаһанға қауіп төндірген пандемия індеті әлі де таралуын тоқтатпай, әлем халқына өз зардабын тигізуде.

Ақпарат көздерінен көріп отырғандарыңыздай еліміз бойынша эпидемиологиялық ахуал бүгінгі таңда қайтадан күрделеніп, вирус жұқтырған науқастар саны артып келеді.

Бұған дейінгі алғашқы толқындарда облыс тұрғындары пандемияны ауызбіршілік пен татулықтың арқасында қауіптің сейілуіне зор үлес қосты. Дегенмен, соңғы көрсеткіштерге сәйкес біздің аймақта да індеттің қайта өршіп, белең ала бастағанын байқауға болады.

Сол себепті қайта ауызбіршілік танытып, құнды қасиеттерімізді жоғалтпай, тұтастығымыз бен ынтымағымызды нығайта түсіп, індетпен күресте жұдырықтай жұмылып, бірлесіп жеңуге шақырамын.

Ол үшін барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, бетперде тағуды, антисептикті пайдалануды біздің күнделікті өмір салтымызға тұрақты енгізуіміз қажет.

Ал ең бастысы, бүгіннен бастап елімізде вакцинациялау процессі басталды. Бұл ерікті түрде жүргізіледі. Бұған қорқыныш сезіммен емес, бұл ең алдымен халықтың денсаулығы үшін қолға алынған нақты шара екенін назарға алуымыз тиіс.

Медицина тарихында талай індетті тежеген вакцинацияның адам деңсаулығы үшін маңызы орасан.

Сондықтан бұл шараға түсіністікпен қарап, өз денсаулығымызбен қатар ұлт денсаулығы үшін әрекет еткен жөн.

Ардақты ағайын, өкінішке орай елдегі ахуалға қарамай үйлену той, қыз ұзату, құдалық, бет ашар, ас беру секілді адамдар көп шоғырланытын жиындар толастар емес.

Осындай жиындарда вирус жұқтырған бір адам, тұтастай бір отбасынын, дүйім елдің тағдырына тікелей әсер етуі мүмкін екендігін біз ешқашан жадымыздан шығармауымыз қажет. Бұндай келеңсіз әрекеттерден аулық болып, барынша сақтық шараларын ұстауға шақырамыз.

Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,

Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

kyzylorda-news.kz
01 ақпан 2021 ж. 580 0