Ауру жоқ деуге болмайды

Жайбарақат күн кешуге әсте болмас. Себебі коронавирус инфекциясы – тез тарайтын аса қауіпті ауру. Бүкіл әлемді дүрліктірген дүлей дерттің әлі де нақты емі табылмай жатыр. Әрбіріміздің салғырттық танытқандығымыздың салдары науқастар санының артуына себеп болып отыр. Біз сияқты шағын мемлекет үшін соңы өлімге душар ететін мұндай аурулар аса қауіпті. Сондықтан бұл ауруға немқұрайлы қарамау керек екендігін уақыт көрсетсе де, біз әлі де мойынсұнбай келеміз.
«Сақтансаң сақтайды» деген халқымызда жақсы сөз бар. Аталған дерттің ауқымы кең. Ол бүкіл әлемге ауыз салды. Қаншама адам осы дерттен көз жұмды. Сондықтан өзіміз үшін, болашақ ұрпақ үшін аз уақыт сабырлық сақтап, санитарлық талаптарды сақтайтын болсақ, бұл қиындықты да еңсеретін боламыз. Әрбіріміздің бір ғана әрекетіміз аурудың санын арттыруға немесе азайтуға септігін тигізбек. Сол себепті көшеде маска тағып, қолды жиі жуып, қарапайым талаптарды сақтап, өмір сүруге шақырамын.
М. Сәрсенбаева,
Сексеуіл кентінің тұрғыны