Инвестиция тарту мәселесі қаралды
Kyzylorda-news.kz ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен инвестициялар тарту кеңесінің отырысы өтті. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.Аймақта республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу және реконструкциялау жобалары жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Қызылорда қаласының айналма жолы, «Қызылорда – Сексеуіл», «Бейнеу – Сексеуіл» және «Ұлғайсын – Сексеуіл» бағыттарында жол салынып жатыр.
Қала маңындағы айналма жолдың құрылысы басталды. Мердігер «Қыран» ЖШС тас, қиыршық тас төседі. Свай қағылып, көпір тіреулері бетондалып, су құбырлары орнатылуда.
Мемлекет басшысының қатысуымен «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдарының құрылысы телекөпір арқылы басталып, қазір қарқын алды. «Қызылорда – Сексеуіл» автомобиль жолының мердігері «Integra Construction KZ», қосалқы мердігерлері «ЭлитСтройКомплект» және «АРЕ-2013», «Бейнеу – Сексеуіл» автомобиль жолының мердігері «Integra Construction KZ», қосалқы мердігері «Коммерческая фирма «УНА», ал «Ұлғайсын – Сексеуіл» автомобиль жолының мердігері «Integra Construction KZ», қосалқы мердігерлері «E.S.T. Construction» және «СТАНДАРТ-1» серіктестіктері. Қазір геодезиялық және топографиялық жұмыстар жүргізіліп, топырақ төселуде. Құрылыс алаңдарында жұмысшылар, арнайы техникалар жұмылдырылған.
Аталған жобалар өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін, елді мекендер арасындағы жол қатынасын жақсартуға және аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.










