Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудандағы автокөлік жолдары мен құрылыс мәселесі қаралды

Аудандағы автокөлік жолдары мен құрылыс мәселесі қаралды

Аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің төрағалығымен өңірдегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және құрылыс салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысы жөнінде арнайы мәжіліс өткізілді, - деп жазды Арал ауданының әкімдігі желідегі парақшасында. 
Жиынға ауылдық округ әкімдері мен жауапты бөлім басшылары және мердігер мекеме өкілдері қатысты. Алдымен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ж. Құдайберген 2022 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстарды баяндады.
Аудандық маңызы бар «Қызылжар-Шөмішкөл» автожолының құрылысы бастау алса, өткен жылы басталған «Самара-Шымкент-Қамыстыбас-Аманөткел-Жаңақұрылыс» автожолының құрылыс жұмыстары жалғасын табуда. Мұнымен бірге келесі жылға өтпелі негізде Сазды елді мекеніне кіре беріс, «Бөген-Ақлақ», «Қаратерең-Жаңақұрылыс», «Қызылжар елді мекеніне кіре беріс» автожолын орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Жергілікті бюджет есебінен Арал қаласындағы 2 көше мен «Самара-Шымкент-Сексеуіл» автокөлік жолдары орташа жөндеуден өткізілді.
Мұнан кейін күн тәртібіндегі екінші мәселе құрылыс саласындағы атқарылған жұмыстар жөнінде Қ. Әбекенов хабарлама жасады.
Жыл басынан бері ауданда 2,3 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
«Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында 2021 жылы бастау алған Аманөткел елді мекеніндегі денешынықтыру - сауықтыру кешендерінің құрылысы аяқталса, Қамыстыбас елді мекеніндегі спорт кешенінің құрылысы жалғасуда.
Көктем елді мекеніне ауыз су желісін тарту, Арал қаласындағы №5 шағын ауданында электр желісінің құрылысы, Арал ауданының Сексеуіл кентінде АГТС орната отырып «Бейнеу-Шымкент» магистарльды газ құбырынан бастап газ құбыры тармағын салу, Арал ауданының Сексеуіл кентіне газ жеткізу құбырының және кварталішілік газ тарту желілерінің құрылысы, Арал қаласындағы №6 шағын ауданында су желісінің құрылыстары жүргізілуде.
Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысымен салынып жатқан Сексеуіл кентіндегі 40 төсектік ауылдық аурухана құрылысының жобалық сметасына түзетулер енгізіліп жатса, Жақсықылыш кентіндегі денешынықтыру сауықтыру кешені құрылысын аяқтау жұмыстар жүргізілетін болады.
Аудан басшысы жүргізіліп жатқан жұмыстарға қанық болған соң, жол жөндеу және құрылыс саласы бойынша мердігер мекеме өкілдерінен кейбір жұмыстардың уақытынан кешіктірілу себебін сұрады. Сонымен бірге әрбір құрылыстың халықтың тыныс-тіршілігі үшін аса маңызды екендігін айтып, алдағы уақытта кемшіліктерге жол бермей, барлық талапқа сай орындалуын міндеттеді.
Жиын соңында жауапты бөлім басшыларына атқарылып жатқан жұмыстардың уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету, өтпелі құрылыс болып белгіленген объектілерге бөлінген қаржыларды мақсатты игеруді, шарт бойынша міндеттемелерін тиісті дәрежеде орындамаған мердігер мекемелерді бақылауға алып, жұмыстарды жандандыру жүктелді.
Ал ауылдық округ әкімдеріне өздеріне қарасты аумақтағы жол жөндеу және құрылыс жұмыстарының жүргізілу барысын күнделікті қадағалап отыруды тапсырды.
03 қараша 2022 ж. 407 0