Әлеуметтік осал топтағы 5 864 азаматтың үйі назарға алынды
Қызылорда облысында 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігін күшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жыл сайын жылыту маусымы қарсаңында тұрғын үйлердегі өрттердің алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық іс-шаралар өткізеді.
Қызылорда облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Бейбітхан Спановтың айтуынша, биыл әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың үйлеріне ерекше назар аударылған.
15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында мамандар әлеуметтік осал топқа жататын тұрғындардың үйлерін аралады. Мемлекеттік органдардың мәліметтерін өзектендіру нәтижесінде облыс бойынша осы санатқа кіретін 5 864 азаматтың тізімі нақтыланған.
Олардың қатарында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар мен өздігінен жүріп-тұру мүмкіндігі шектелген бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар бар.
— Пештер мен түтін мұржаларын жылыту маусымы басталғанға дейін тексеріп, тазалау қажет. Жылыту құрылғыларын қараусыз қалдырмау, электр желілеріне шамадан тыс жүктеме түсірмеу және жанғыш заттарды пештер мен жылыту құралдарының жанына қоймау керек, — деді Бейбітхан Спанов.
Профилактикалық аралау барысында тұрғындарға пеш, газ және электр жылыту құрылғыларын қауіпсіз пайдалану талаптары түсіндірілді.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға ақаулы немесе қолдан жасалған жылыту құралдарын пайдаланбауды және өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды ескертеді.
syrboyi.kz










