Бүгін – Қазақстанның жоғары білім қызметкерлері күні
Бүгін – Қазақстанның жоғары білім қызметкерлері күні. Осындай атаулы мерекеде Өңірлік коммуникациялар қызметінің дәстүрлі көшпелі баспасөз конференциясы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде жалғасты. Білім ордасы қазірде тек өңірлік деңгеймен шектеліп қалмай, халықаралық аренада да қарқынды дамып келеді.Баспасөз конференциясында сөз алған университет проректоры Уәлихан Ибраев оқу орнының жеткен жетістіктерін бөлісті.
«Бүгінде университетіміз беделді халықаралық рейтингтерден өз орнын ойып тұрып алды. Мәселен, QS World University Rankings тізімінде 1536-орынға тұрақтап, QS Stars жүйесі бойынша 4 жұлдызды иелендік. Ал QS Asia University Rankings – 2026 рейтингінде 593-орыннан көріндік. Мұның бәрі – ұжымның және профессор-оқытушылар құрамының қажырлы еңбегінің нәтижесі. Бүгінде қарашаңырақта 11 442 студент білім алуда, олардың әлемдік білім кеңістігінде оқуы үшін шетелдік жетекші жоғары оқу орындарымен қос дипломды және бірлескен бағдарламалар іске қосылуда», – деді Уәлихан Серікұлы.
Шынында да, цифрлар мен көрсеткіштер аз емес. Университет қабырғасында тек теориялық білім беріліп қоймай, ғылымға да бетбұрыс жасалып жатыр. Соңғы жылдары жас ғалымдарды қолдау мақсатында ішкі гранттар бөлініп, 53 ғалымның жобасы қаржыландырылған.
Ең бастысы студенттердің жетістігі мен әлеуметтік жағдайы назардан тыс қалмаған. Биылдың өзінде 22 студент Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиясына ие болыпты. Оқу орнында спортпен шұғылданып, түрлі жарыстарда топ жарып жүрген жастар да жетерлік: әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегерлері осында білім алуда. Ал студенттердің жатақхана мәселесі толық шешімін тауып, жастар үшін барлық қолайлы жағдай жасалған.
Мереке күні өңірдің бас оқу ордының жетістіктерін көріп, келешекке деген сенімнің арта түсетіні анық. Университет ұжымын кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, білім мен ғылым жолындағы биік белестерге жетуіне тілектеспіз!
Өңірлік коммуникациялар қызметі.











