Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Үкіметте автожол саласын реформалау мәселелері қаралды

Үкіметте автожол саласын реформалау мәселелері қаралды

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен автожол саласын реформалау жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті.

Жиында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ төрағасы Дархан Иманашев жұмыстың аралық нәтижелері туралы баяндама жасады, жол құрылысын материалдармен қамтамасыз ету, салмақтық-габариттік бақылауды жетілдіру, техникалық қадағалауды күшейту, жол битумының сапасын арттыру жөніндегі ұсыныстары қаралды.

Нұрлыбек Нәлібаев шешімдерді әзірлеу кезінде жол салу, жөндеу, пайдалану бойынша нақты тәжірибесі бар сала мамандарының пікірін ескеру қажеттігін, техникалық мәселелер инженерлердің, технологтер мен салалық сарапшылардың тікелей қатысуымен қаралуы тиіс екендігін атап өтті.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары рұқсат етілген жүктеме нормаларынан асып, жол жабынының мерзімінен бұрын бұзылуына әкеп соғатын ауыр жүк көліктерінің қозғалысына жол бермеу қажеттігіне ерекше назар аударды.

«Жол активтері сапасы» ұлттық орталығының қабылдайтын шешімдері мен беретін қорытындылары үшін жауапкершілігін күшейту қажеттігі айтылды.

Сондай-ақ жиында Жетісу, Павлодар және Түркістан облыстары әкімдері орынбасарларының ұсыныстары да тыңдалды.

Отырыс қорытындысы бойынша Нұрлыбек Нәлібаев Көлік министрлігіне «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, өңір әкімдіктері және мүдделі тараптармен бірлесіп автомобиль жолдарының сапасы мен ұзақ мерзімге төзімділігін арттыруға, жол жұмыстарының құнын төмендетуге, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылауға бағытталған нақты шешімдер әзірлеуді тапсырды.

@KZgovernmen
27 қазан 2026 ж. 50 0