Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда Сартай батырдың 315 жылдығына арналған мерекелік гала-концерт өтті

Аралда Сартай батырдың 315 жылдығына арналған мерекелік гала-концерт өтті

Сартай батыр Байжанұлының 315 жылдығына арналған «Ұлт қаһарманы – Сартай батыр» атты мерейтой аясындағы бүгінгі шаралар кешкілік мерекелік гала-концертпен түйінделді.

Көптің көңілін сарайын жадыратқан тағылымды кешке қала тұрғындары мен қонақтары жиналып, батыр бабаның рухына тағзым етті. Мерекелік шараның басты мақсаты Сартай батырдың ерлік жолын ұлықтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және тарихи мұраны кейінгі ұрпаққа насихаттау.
Салтанатты кештің шымылдығы «Ұлы дала» атты қазақ биімен ашылды. Одан кейін жергілікті өнерпаздар көрерменге ән мен күйден, ұлттық нақыштағы би өнерінен құралған мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынды.
Мерекелік кештің шырайын Қазақстанның белгілі өнер иелері аша түсті. Сахна төріне дәстүрлі әнші, жыршы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Арал ауданының Құрметті азаматы Елмұра Жаңабергенова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Асқар Мұқият, жыршы Күнсұлу Түрікпен және Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әнші Жұбаныш Жексенұлы шығып, өнер көрсетті. Олардың орындауындағы ән-жырлар көрерменге рухани әсер сыйлап, ұлттық өнердің қадір-қасиетін айшықтай түсті.

Шара барысында Сартай батырдың тарихи тұлғасы мен ерлік жолының ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына айрықша мән берілді. Елін қорғап, жерінің тұтастығы үшін күрескен батыр бабалардың өнегесі бүгінгі ұрпақ үшін отансүйгіштік пен елдік рухтың үлгісі екені атап өтілді.
Сондай-ақ мерейтойлық іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне қолдау білдіріп, туған жердің тарихын ұлықтауға, ұлттық мұраны дәріптеуге және елдік бастамаларды қолдауға үлес қосқан азаматтардың еңбегі ерекше бағаланды.

Сартай батыр Байжанұлының 315 жылдығына арналған гала-концерт тарихи тұлғаның есімін ұлықтап қана қоймай, ел бірлігін нығайтуға, ұлттық өнерді дәріптеуге және жас ұрпақтың бойында туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыруға бағытталған тағылымды шара болды.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

31 қазан 2026 ж. 73 0