Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Автожол сапасын арттыруға бағытталған жаңа шаралар қаралды

Автожол сапасын арттыруға бағытталған жаңа шаралар қаралды

Жиында жол құрылысының жаңа технологиялары, соның ішінде Superpave және полимерлі-модификацияланған асфальтбетонды қолдану, сондай-ақ пайдаланылатын материалдардың сапасын қамтамасыз ету және зертханалық бақылауды күшейту шаралары талқыланды. Жол құрылысын ұйымдастыру, жол бойындағы сервисті дамыту, автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту және цифрлық мониторинг құралдарын енгізу мәселелері қаралды.

Жол жабынын сақтау мақсатында салмақ пен габаритті бақылауды күшейту көзделген. Автоматтандырылған өлшеу стансаларын айналып өту сияқты тағы да басқа салмақ пен габаритті бақылау талаптарын бұзғандарды автоматты түрде тіркеуді заңнамалық тұрғыда бекіту және артық жүктеме үшін жауапкершілікті күшейту жөніндегі ұсыныстар қаралды. Цифрлық бақылау құралдарын бірыңғай E-Kolik жүйесіне біріктіру жалғасуда.

Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын басқару жүйесін жетілдіруге баса назар аударылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жұмыс тобы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын басқару жүйесін жетілдіру, орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы үйлестіруді күшейту, сондай-ақ жол жұмыстарының сапасы үшін жауапкершілікті арттыру жөнінде ұсыныстар әзірледі. Климаттық және аймақтық ерекшеліктерді ескере отырып, жол жабындарының конструкцияларын анағұрлым егжей-тегжейлі аудандарға бөлу қажеттігі атап өтілді.

Бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өміралиев автожол саласындағы тексерулердің алдын ала нәтижелері туралы хабарлады. Жоспарлау мен құрылыстан бастап жолдарды пайдалануға дейінгі әртүрлі кезеңдерде жүйелі бұзушылықтар анықталды. Бүгінгі таңда анықталған заңбұзушылықтар бойынша 33 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Келтірілген залалдың алдын ала мөлшері шамамен 8 млрд теңгені құрайды. Тергеу жалғасуда. Бұдан бөлек, негізсіз шарттар мен мемлекеттік сатып алу жоспарларының күшін жою есебінен 36 млрд теңге сомасына шығындардың алдын алынды. Атап айтқанда, бұрын жөнделген жолдарды, оның ішінде мердігерлердің қолданыстағы кепілдік міндеттемелері бар нысандарды жөндеуге жаңа тендерлер жариялау жағдайлары анықталды.

Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов осы жылдың қараша айының соңына дейін автожол саласын реформалау жөніндегі Жұмыс тобына талқылауды аяқтауды және ұсыныстардың кешенді пакетін дайындауды тапсырды.

Премьер-министр нормативтерді қайта қарауды, құрылыс материалдарының сапасын арттыруды және жаңа технологияларды енгізуді қоса алғанда, ұсынылған шараларды жан-жақты бағалау қажеттігін атап өтті. Қорытынды құжатта жол жабынының мерзімінен бұрын бұзылу себептерін жоюға және мердігер ұйымдардың орындалған жұмыстардың сапасына жауапкершілігін арттыруға бағытталған кешенді шешімдер көзделуі тиіс. Барлық ұсынылған шаралар өзара байланысты болуы және республикалық әрі жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының сапасы мен ұзақмерзімділігін қамтамасыз ете отырып, құрылыс пен пайдаланудың толық циклін қамтуы тиіс.      
KZgovernment
03 қараша 2026 ж. 60 0