Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Біртанов кепілдендірілген тегін медициналық көмекті кімдер ала алатынын түсіндірді

Біртанов кепілдендірілген тегін медициналық көмекті кімдер ала алатынын түсіндірді

Қазақстанда кепілдендірілген тегін көмек және медициналық сақтандыру пакеттерінің жаңа нұсқасы бекітілді. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов кепілдендірілген тегін медициналық көмекті кімдер ала алатынын түсіндіріп берді,

Қазақстан үкіметі 2020 жылдан басталатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК және МӘМС) шеңберінде көрсетілетін қызметтер тізімін бекітті.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов аталған екі пакеттің айырмашылығын түсіндіріп берді.
«Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті минималды стандарттардан тұрады. Мысалы, шұғыл көмекке зәру азаматтарға медициналық көмек көрсету, эпидемияның жаппай таралуына жол бермеу, мемлекеттің араласуын қажет ететін қиын жағдайға душар болған науқастарға көмек көрсету және тағы басқалары. Сақтандыру пакеті пациенттердің өмір сапасын жақсартып, ұлт болашағының негізін қалауға бағытталатын өзге де көмек түрлерін қамтиды», - дейді министр. 
Еліміздің бас дәрігерінің сөзінше, ТМККК пакетінің жаңа нұсқасын дайындау барысында тізімге енген барлық қызмет түрлері жан-жақты сарапталған. 
«Пакеттердің жаңа үлгісін дайындау барысында министрлік бір жарым жыл бойы медицина саласы өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеді. Атап айтқанда, қызметтерді сатып алу, ақы төлеу, мониторинг процесін жүзеге асыру тетіктері талқыланды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Бірақ МӘМС жүйесін енгізуге дайындығымыз жоғары деуге болады», - дейді Біртанов. 
Министрдің сөзіне қарағанда, жаңа пакеттер биыл күзде еліміздегі аймақтардың бірінде нобайлы режимде іске қосылмақ. 
«Бұл жүйенің «осал тұстарын» тауып, проблемаларды 2020 жылға дейін, яғни міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін толыққанды енгізгенге дейін шешуге мүмкіндік береді», - деп қосты Елжан Біртанов. 
Ал 2020 жылдан бастап аталған жүйе Қазақстанның барлық аймағында іске қосылады.
«Жалпы алғанда, келер жылға арналған бюджет жобасында кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен медициналық сақтандыру пакеттері негізінде көрсетілетін медициналық көмекке 1 620 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов. 
Айта кетсек, еліміздің барлық азаматтары пайдалана алатын кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне жедел жәрдем мен санитарлық авиация, шұғыл стационарлық көмек, паллиативтік көмек енген. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар аурулар мен созылмалы аурулардың негізгі түрлерімен ауыратын тұрғындар осы пакет шеңберінде консультативтік-диагностикалық көмекпен, жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмекпен қамтамасыз етіледі. Амбулатория деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, туберкулезге шалдыққандарды оңалту қызметі де осы пакетке кіреді.
МӘМС пакеті консультативтік-диагностикалық көмек, соның ішінде бағасы қымбат болып келетін зертханалық қызмет түрлерін, ТМККК енгізілмеген сырқаттарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, ТМККК пакетіне жатпайтын жағдайларда жоспарлы стационарлық және стацинарды алмастыратын көмекпен қамту, медициналық оңалту және пациент денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған ем-дом түрлерін қамтымақ.
18 маусым 2019 ж. 878 0