Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәдениет министрі Бекзат Саттархановтың ата-анасымен кездесті

Мәдениет министрі Бекзат Саттархановтың ата-анасымен кездесті

Еліміздің мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова марқұм боксшы, Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың ата-анасымен кездесті,

Ақтоты Райымқұлова Бекзат Саттархановтың әкесі Сейілхан Саттарханұлы, анасы Сырлыкүл Саттархановамен және «Бекзат» фильмінде боксшының рөлін сомдаған Самат Әзімқұловпен кездесті. 
Ведомства басшысы XXVII-ші Олимпиадада жартылай жеңіл салмақта чемпион атағын жеңіп алып, қазақтың мерейін асқақтатқан былғары қолғап шебері Бекзаттай ұлды тәрбиелеген ата-анасына құрмет білдіріп, алғыс хат табыстады.
«Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің және өз атымнан сіздерге қазақ елінің біртуар ұлы, халқының мақтанышы, спорт әлемінде аты алтын әріппен жазылған Бекзаттай ұлы тәрбиелеп, өсіргендеріңіз үшін өз алғысымды білдіремін. Бекзаттың жарқын бейнесі өскелең ұрпақ үшін үлкен тәрбиелік мәнге ие деп білемін», - деп атап өтті министр.

Марқұмның әкесі Сейілхан Саттарханов Жапония астанасы Токиода 2020 жылы өтетін Олимпиада ойындарында бокстан Қазақстан құрамасына сәттілік тілеп, жылы лебіз білдірді.
Ал анасы Сырлыкүл Саттарханова бас жүлдемен оралған ұлының: «Бұл тек менің ғана жеңісім емес. Бұл - бүкіл елімнің жеңісі. Мен әлі үш дүркін Олимпиада чемпионы боламын», - деп айтқанын еске алды. 
Сондай-ақ, Бекзаттың ата-анасы Түркістан қаласындағы мектепке және Нұр-Сұлтан қаласындағы көшеге Бекзаттың есімін беру жөнінде ұсыныс білдірді. Өз кезегінде министр Ақтоты Райымқұлова осы бағытта тиісті жұмыстарды пысықтауға тапсырма берді. 
Айта кетейік, Мұрат Бидосов Олимпиада чемпионы туралы «Бекзат» атты көркем фильм түсірді. Таядуа фильмнің жабық көрсетілімі өтті. Туындыда спортшының өмірі, карьерасының басталған кезі баяндалған.
Қазақстандық боксшы Бекзат Саттарханов 2000 жылы Сидней қаласында өткен 57 келі салмақта бокстан жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы. Бокспен 15 жасынан шұғылдана бастады, соған қарамастан 20 жасында Олимпиада жеңімпазы атанды. 1998 жылы Жастар арасында Азия біріншілігінің күміс жүлдегері, 1998 жылы Жастар арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 1999 жылы Азия біріншілігінің күміс жүлдегері, 1999 жылы Орта-Азиялық мемлекеттерінің жеңімпазы. Өкінішке орай 2000 жылы 31 желтоқсанда Жаңа жыл қарсаңында Ордабасы ауданында жол апатынан қайтыс болды.

https://stan.kz  

05 шілде 2019 ж. 858 0