Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан әскері қатарында 8000-ға жуық әйел қызмет атқаруда

Қазақстан әскері қатарында 8000-ға жуық әйел қызмет атқаруда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өзінің кәсібін Отан қорғаушы ретінде таңдаған адамдардың бойынан батылдық пен табандылық қасиеттері табылады. Бұл қасиеттер Қарулы Күштерде қызмет етіп жүрген ер адамдардың ғана емес, сонымен бірге нәзік жанды арулардың бойында да бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігін айқындайтын лауазымдағы қызметшілердің 30 пайыздан астамын әйелдер құрайды. Олар диспетчерлік қызмет, медицина, байланысты ұйымдастыру және бөлімшелерде істейді. Мәселен, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында Армия халықаралық ойындары аясында 2017 жылдың тамыз айында Санкт-Петерборда өткен «Әскери-медициналық эстафета» байқауында жеке есепте үшінші орынды еншілеген 66597 әскери бөлімі барлау-шабуылдау ротасының мергені ефрейтор Шамшырақ Сержанова қызмет етеді. Нәзік, сұлу және талдырмаш арудың бойында қуатты ішкі энергия және физикалық күш бар. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 36803 әскери бөлімі зымыран дивизионының есептеуіш маманы ефрейтор Татьяна Купцова өз ісінің хас шеберлерінің бірі. Қызметтік мансабын телефонист лауазымынан бастаған және қазіргі күнге дейін өзінің қызметін «Шығыс» ӨңҚ 36803 әскери бөлімінде жалғастыруда. Сонымен қатар Татьяна шаңғы жарысы бойынша сайыстарда бірнеше дүркін жүлдегер атанып, бірнеше мәрте өңірлік қолбасшылықтың намысын қорғады. Қазақстанның имиджін нығайтуға әртүрлі спорттық сайыстарға, Олимпиада ойындарына, әлем чемпионаттарына, Азия ойындары мен өзге де сайыстарға қатысып жүрген армиялық спортшылар да үлестерін қосып жүр. ҚР ҚМ Армия орталық спорт клубының спортшылары еліміздің құрамасының қоржының бірнеше рет медальдармен толықтырды. Әйел әскери қызметшілер «Достастық жауынгері» халықаралық байқауларында, Армия халықаралық ойындары сайыстарында еліміздің намысын қорғайды. Олар бүгінде отбасылық өмір мен кәсіби мансапты қатар алып жүре алатындарын дәлелдеді.
09 наурыз 2018 ж. 1 251 0