Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Перронға тек жолаушылар өтетін болады – ҚТЖ

Перронға тек жолаушылар өтетін болады – ҚТЖ

Нұр-Сұлтан мен Қарағанды қалаларында вокзал перрондарына кіру шектеледі. 

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетов Нұр-Сұлтан мен Қарағандыда билетсіз адамдарға вокзал перрондарына өту шектелетінін айтты. Оның мәліметінше, бұл жаңашылдық биыл пилоттық режимде «Нұрлы жол» мен «Қарағанды» вокзалдарында енгізіледі.
«Естеріңізде болса, біз бұны 2000-жылдардың басында енгізген едік. Одан кейін халық наразылық білдіріп, прокуратура, ҰҚК араласқан соң бұл жұмыс тоқтатылды. Ол кезде біз «азаматтардың еркіндігін шектеуге құқықтарың жоқ» деген сөз естіген едік. Енді біз министрлікпен, құқық қорғау органдарымен бірге осы мәселені дұрыс деп санаймыз. Тым болмаса, ірі вокзалдардан бастау керек. Бөтен адамдардың кіруін шектеу қажет. Перрондарға тек жолаушылар өтуі тиіс», - деді Қанат Әлмағамбетов ИИДМ-де өткен жиында. 
Атап өтсек, бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде жолаушыларды тасымалдау, автомобиль жолдары және көліктік бақылау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелер бойынша кеңес өтті.
Шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Көлік прокуратурасы, Көлік және автожол комитеті, облыс әкімдіктері, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, «Қазақстан Темір Жолы» АҚ, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, «Жол активтерінің сапа орталығы» РМК, «Адал жол» жобалық кеңсесінің өкілдері және тағы басқалар қатысты.
 
https://baq.kz
31 шілде 2019 ж. 974 0