Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 1 қыркүйек демалысқа түсіп тұр: мұғалімдерге ақы төлене ме?

1 қыркүйек демалысқа түсіп тұр: мұғалімдерге ақы төлене ме?

Биыл 1 қыркүйек – Білім күні жексенбіге түсіп тұр. Осыған байланысты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұғалімдердің демалыста жұмысқа шыққаны үшін өтемақы қалай есептелетінін түсіндірді.

Министрдің жауабы

"Ашық диалог" порталындағы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың блогына сауал түсті. Желі қолданушылары мұғалімдерді демалыста жұмысқа шығарған қаншалықты заңды және ол үшін қандай өтемақы қарастырылғанын сұрады.
"Білім және ғылым министрлігі Еңбек кодексінің нақты қандай баптарын басшылыққа алуы тиіс? Әрбір қызметкердің жазбаша келісімі болмаса, оларды демалыс күні мектептің мерекелік жиынына шығарған қаншалықты заңды? Ондайда нақты қандай өтемақы қарастырылған?", - деп сұрады Мәлік Жұмағалиев.
Министрдің сөзіне қарағанда, қызметкерді демалыс күні жұмысқа шығару үшін оның жазбаша келісімі болуы қажет.
"Ал жұмысқа шыққаны үшін оның қалауы бойынша басқа күні демалыс беріледі, я болмаса, қызметкердің күндізгі ставкасының 1,5 мөлшерінен төмен түспейтін ақы төленеді. Егер қызметкер демалыс күні жұмысқа шығудан бас тартса, бұл еңбек ережесін бұзу болып саналмайды. Демек, ешқандай салдары жоқ", - деп жазды Нұрымбетов.

Білім басқармасы не дейді?

Бүгін осы мәселеге қатысты елорданың білім басқармасы да пікір білдірді. Басқарма басшысы Әнуар Жанғозиннің сөзіне қарағанда, Білім күнінің демалысқа түсіп тұрғаны жақсы. Себебі ата-аналардың барлығы өз балаларын мектепке апара алады. Ал мұғалімдердің еңбегі өтелетін болады.
"Жаңа оқу жылында Білім күні жексенбіге сәйкес келіп отыр. Осы жағдайды ескере отырып, біз мұғалімдердің құқықтарын барынша сақтауға тырысамыз. Осы күн үшін міндетті түрде тиісті ақы немесе қосымша демалыс күні берілетінін хабарлаймын. Сонымен қатар, жексенбі күні болғандықтан, ата-аналар балаларын мектепке өздері апарып, осындай маңызды, айтулы күнде оларға қолдау көрсете алады", - деп жазды Жанғозин өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
29 тамыз 2019 ж. 694 0