Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ән әлеміндегі аққан жұлдыз

Ән әлеміндегі аққан жұлдыз

Сырдария бойын жағалай орналасқан балықшы ауыл қарт балықшы Ерғалиды құрмет тұтып сыйлайтын. «Ерғали көлге шықса олжалы оралады» деуші еді үлкендер. Ауылдастары ол кісіні «Қарақалпақ Ерғали» дейтін. Бірақ бұл атауда мән бар. «Қарақалпақ» – мотордың аты. Сол моторды қайыққа салып, асау толқынға  дес бермей, көздеген жеріне жететін болған. Ол моторды  жүргізетін де тек Ерғали ата болатын. Балықтың бар жерін білетін Ерғали шал аумен бірге қабадан да салған. Қабаданды көп адам қолдана бермейді. Оны тек балықтың жүретін жолын білетін бір-жар адам ғана қолданады.Туған жердің ыстық топырағына табанын күйдіріп, өкшесі тілім-тілім болып жүретін балықшы Ерғалидің баласы Темірханның балалық шағы Ақшатау көлінің жағасында өтті. Жастайынан өнерге деген қанатын ерте қомдаған балаң көңіл нені аңсамады десеңші!.. Қолына қалам ұстап ақ қағаздың бетіне әдемілеп сурет те салатын. Енді бірде көлге ау салуға кеткен әкесін жағалауда күтіп отыратын Темірхан қолына көл жағасындағы  жыңғылдың бұтақтарын  домбыра етіп ән салатын.
Ерекше мінезді қатал әке бала құмарлығына шек­теу қоймай, реті келгенде домбыра сатып алып берді. Қуанышы қойнына сыймаған кішкентай әншінің күндіз-түні ермегі сол домбыра болды.  Іргелес тұратын наға­шы­сының үйіне жиі баратын. Онда Қожа руынан шыққан нағашысы  Айқожа бар. Жиенінің ниетін жақсы түсінген Айқожа домбыра үйретуден жалықпады. Өмірден ерте кеткен Айқожа Нұрғалиев сонау бір кездері аудандық «Толқын» газетінде фототілші болып жұмыс істеген.
Әнші ағаның өнерге деген алғашқы қадамы осылайша Ақшатау көлінің жағасында басталған еді. Қысқа ғұмырлы әнші Темірхан Ерғалиевтің өмірдерегі де саусақпен санарлықтай.
Сонау 1952 жылы Ақшатау елді мекенінде дүниеге келген әнші әке-шешесінің Қызылжар елді мекеніне қоныс аударуына байланысты мектепті қаладағы №13 Т.Г.Шевченко  атындағы мектептен бітірді.
Жастайынан өнерге құмар болған жас әншілік өнер жолын аудандық мәдениет үйінен бастайды. 1970-1973 жылдар арасында осы мәдениет үйінде өзінің шеберлігін шыңдайды. Сол кездегі әріптес ағалары ақын Әбілхан Маханов, күйші Қапар, бүкіл өмірін өнерге арнаған әнші Байнияз Тілеповпен жұмыстас болып, ақыл-кеңесін тыңдаған Темірхан Аралдың малшы, балықшы ауылдарын аралап, аудан жұртшылығына ерекше дауысымен таныла бастады. 1973 жылы Алматыға  келіп, эстрада және цирк студиясына оқуға түседі.
Шын талантты талантты ғана таниды. Оқуға түсуге келген Темірханға алғашқыда ешкім назар аудармайды. Шап-шағын денелі, жұпыны киінген ауыл баласы кімнің көзіне түссін. Емтиханға дайындалып, бір кабинетте өлең айтып отырған Темірханның дауысын естіп қалған әйгілі Ғарифолла Құрманғалиев есіктен қарап: «дүниеге жаңа Ғарифолла келген екен ғой!», – деп қатты қуанған деседі. Сөйтіп студияға Ғарифолла Құрманғалиевтің класына  қабылданады.
Студияны бітірген Темірханды Ғарифолла ағайы Алматыға алып қалғысы келген. Отбасы жағдайын сылтау қылып, туған жерге оралғысы келген Темірханды ұстазы ұстап қала алмады. Арнайы білімді мәдениет саласының маманы 1975-1978 жылдары Қызылорда облыстық филармониясында жұмыс істеп, 1978-1980 жылдары Сырдария аудандық мәдениет үйінде қызмет жасады.
Әйгілі өнер саңлағы Ғарифолла Темірхан ағаны таныды. Оның табиғи дауысынан шын таланттың ізін байқаған Ғарифолла Құрманғалиев сонау жылдардағы баспасөз бетінде: «Менің екі көзімдей болған екі шәкіртім болды. Біреуі Батысқа кетті. Оң көзім болған нағыз талантты шәкіртім Темірхан Ерғалиев Сыр бойына кетті» деп жазған еді. Бұл – Темірхан ағаға берілген шын баға.
Сонау сексенінші жылдардың бас кезінде қазіргідей телевидение жоқ, халық жарға ілінген радионы тыңдайтын. Сол кездері радионы қоса қалса, Темірханның даусын тыңдайтын. Терме-жырдың төсегін тек төріне жайған  Темірхан ағаның үні де ерекше еді.
Шынымен Темірхан Ерғалиевтің репертуарындағы «Аралбай термесі», «Сүйген жар» термелерін дәл ол сияқты ешкім орындап көрген жоқ.
Әттең, ән әлеміне аспандап шыққан әнші ағаның өмірі қысқа болады деп кім ойлаған?! Сонау қыстың қытымыр аязы қысқан  1980 жылы ақпан айының  21-і күні қастандық құрбаны болып небәрі 28 жасында бұзақылардың қолынан қаза тапты. Сол күндері бүкіл облыс жұртшылығы мезгілсіз қазаға күңіренгендей болды. Қазақ радиосы да тынымсыз әншінің әндерін беріп жатты.
Қайғылы қазаны республикалық «Жас Алаш» газетіне өмірден ерте кеткен талантты журналист Серік Дінахметов Темірханның әкесі Ерғали қарттың сот залында бұза­қы­ларға «Адаспаңдаршы, қарақтарым» деген сөзін тақырып қылып алып, кең көлемде мақала қылып жазған еді.
Өнерді құрмет тұтқан марқұм  ұстаз, ақын Дәулетбай  Жүгінісов әнші ағасына жазған  жырында мынадай жолдар бар:
Шанағы толы толқын ән,
Пернеде күй бар не түрлі.
Үкілі анау домбыраң,
Сені іздеп тұрған секілді.
Өнерге жүйрік өренім,
Көкірегі сезім өрт толған.
Құлагер тағдыр сен едің,
Мәреге жетпей мерт болған...
Ақын ағамыз айтқандай, Құлагер тағдырлы әнші аға туралы қызылордалық әнші Тәжігүл Аманжолова мынадай естеліктер айтқан.
– Мен эстрада және цирк студиясында Ғарифолла Құрманғалиевтің класында Темірханнан кейін оқыдым. Бірде біздің студияға гастрольдік сапармен Темірхан Ерғалиев келді. Бүкіл студент жиналып, олардың өнерін тамашаладық. Бір кезде қолына домбырасын алып Темірхан шыққанда, зал сілтідей тына қалды. Бірнеше ән шырқаған әншіге риза болғанымыз соншалық, «мұндайда әнші болады екен ғой», – деген ойда қалдық.
Кеш соңынан ұстазымыз Ғарифолла Құрманғалиев аға Темірханнан қайда жайғасқанын сұрады.
– «Алатау» қонақ үйіне орналастық қой, – деген Темірханның жауабына ағайымыз:
– Сендей әншіні қазақ қонақ үйде ұстайды ма екен. Біздің үйге бар, мен қазір сабақтан шығам, – деді де, бізге келіп:
– Қазақ  ешқашан, әсіресе өнердегі жақсыларын тіріде бағаламайды, – деп бір күрсінген.
Бұл дауысы қазақ даласын жаңғыртқан ұлы әншінің Темірханға берген  бағасы еді.
Аралдық ақын Әбілхан Махановтың «Аралым – айдын шалқарым» атты толғауындағы:
...Ізбасар, Набат, Күлімжан,
Нұрғали, Қойсын, Темірхан.
Шырқатып әнге салған жер.
Аралым, міне, осындай,
Өнер мен дәулет қонған жер, – деген жыр жолдары әнші ағаның  Арал тарихында өшпестей орын алғаны десек артық болмайды.
Жалпы, Қызылжар топырағы – өнер тарландарының өсіп-өнген жері. Арысын айтпағанда, Әбілда жырау, Бере­кет жырау, әншілер – Шымберген Сүлейменов, Гүлнұр Ора­зым­бетова, Гүлмира Баймұратова сияқты таланттар толып жатыр. Солардың ішінде өзгелерден шоқтығы биік Темірхан Ерғалиев ағамыз ерекше. Өйткені ән сүйер қауымға оның  дауысының ерекшелігі қашанда  сезі­ліп тұрады. Темірханның бойында қазақы мінез бен адамгер­шілік қасиеттің мол болғанын ауылдастары да жиі айтады.
Қызылордалық  әнші Тәжігүл Аманжолованың тағы да бір естелігі бізге үлкен ой салғандай болды.
– Қызылорда қаласындағы филармонияда жұмыс істеп жүрген кезімізде Темірхан: «Біз – Ғарифолланың балаларымыз. Сондықтан қазақ қыздары, ұлдары қандай болу керек екенін жұртшылық бізге қарап білуі тиіс», – дейтін. Сонда мен «Темірхан жай әнші емес, текті тұқымның баласы болар» деп ойлайтынмын, – депті.
Шынымен де Темірхан өнерді қатты құрмет тұтты. Өнер әлемінде аққан жұлдыздай 28 жыл ғана өмір сүрген әнші Темірхан Ерғалиев атында туған жерінде көше атауы берілді. Облыстық деңгейде туған жерінде 2 рет еске алу кеші өткізілді. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған», – деп Абай атамыз айтқандай, Темірхан аға артына өшпес  әндерін, өшпес дауысын қалдырған. Темірханның әнін сағына іздейтін ел-жұрты, әр жүрекке жетер әні бар. Алматыда тұратын жары Карима, балалары Өмірбек, Әлия, немерелері, туған жерінде бауырлары, дос- жарандары бар. Біз де ән әлемінде өшпес тұлға сізсіз, Темірхан аға демекпіз.
Жақсыбай  Мусаев,  
Қызылжар елді мекені.
19 қараша 2019 ж. 1 378 0