Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Ауылда тезек теріп, сиыр сауып, күбі пісіп, қой қырқып өстім» – Қарақат Әбілдина

«Ауылда тезек теріп, сиыр сауып, күбі пісіп, қой қырқып өстім» – Қарақат Әбілдина

Жуас атым болатын, малдың соңынан да кете берем ғой…Түркиядан жақында ғана Қазақстанға оралған танымал әнші Қарақат Әбілдина туып-өскен ауылы туралы айтты. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды деп хабарлайды Oinet.kz.
 «Ауылдан адам көшкенмен, Адамнан ауыл көшпейді,- деп ақын қалай жақсы айтқан. Видеода «ағаштарды еккеніне 15 жыл» деп қате айтыппын, әкемнің қайтқанына 15 жыл дегім келген. Әкем игерілмей жатқан осы жерге ел қондырып, өзі басқарып, ауыл қылып жасақтап еді. Топырағы құнарлы, шөбі шүйгін, өріске ыңғайлы деп, жердің жақсысын таныған ғой, жарықтық. Мен ес білгелі мал шаруашылығымен айналысатын. Бір де бір тал жоқ жерге ағаш-терек отырғызып, бау-бақшасын жайқалтты. “ Әкеден мал қалғанша тал қалсын” деген қазақтың сөзі бар ғой. Қазір міне немере-шөберелері атасы өсіріп кеткен ағаштардың көлеңкесін паналауда, тие берсін. Осы ауылда, ауыл деуге келе ме, жағалай қонған 3 ақ үй, жайлау шығар. Осы жайлауда маңғырған мал бақтық. Үйір-үйір жылқы, отар-отар қой, табын-табын сиыр. Айтсам ақылға сенгісіз шығар, анашым 13 биені сағат сайын кезек-кезек сауатын. Ертелі-кеш екі мезгіл 16 сиыр тағы бар. Қымыз бен еттің дәмі деген ооооой, ерекше еді-ау шіркін. Ол кезде бәрі дайын деген нәрсе жоқ, жүн түтіп, тоқыма тоқиды, киіз басады, киімнің бәрін қолдан тігіп береді. Осы ауылда мал бағып, тезек теріп, құрт-май шайқап, сиыр сауып, күбі пісіп, ұлдың ісі, қыздың ісі деген жоқ, қи ойып, қой қырқып бар тірлікке араласып өстік. Жуас атым болатын, малдың соңынан да кете берем ғой. Қолым тие бере есік алдындағы сынып қалған машинаның үстіне шығып концерт қоятынмын. Бірде ауылдан талантты балаларды жинап, Алматыда сайыс өтті, Қарағанды обл-нан қатысып,3 күндік байқауда жеңімпаздардың қатарынан табылып, Алматыда тегін оқуға жолдама жеңіп алдым.Экарустан түсе салып үйге қарай жүгіріп келіп, ата-анама айтқанымда: “ ііі, жақсы” дей салған. Қуанды да ғой баласының жетістігіне, бірақ та “ жайлауда өскен бір жапырақ қара қызға Алматы қайда” деген болар. Бірақ жіберді. Он үш жасымда оқуға кеттім Алматыға, сол содан түбегейлі қайтып оралғам жоқ қой. Бүгін осының бәрі есіме түсіп, киноның лентасындай көз алдымнан өткен жайды қаз-қалпында теріп отырмын. Қатем болса кешірерсіздер. Сіз де ауылдан шықтыңыз ба? Ауылды сағынасыз, білем» – деп жазды Қарақат Әбілдина.
Айта кетейік, Қарақат Әбілдина 1978 жылы Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Байғұл ауылында туған. Жары – продюсер Қыдырәлі Болман, олар 1999 жылы отбасы құрған. Бүгінде олар төрт ұл мен екі қыз тәрбиелеп отыр. 

syrboyi.kz
30 мамыр 2021 ж. 508 0