Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Танымал режиссер Сатыбалды Нарымбетов өмірден озды

Танымал режиссер Сатыбалды Нарымбетов өмірден озды

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Сатыбалды Нарымбетов 75 жасында өмірден өтті.
«Бүгін қазақ кинематографиясы орны толмас қазаға ұшырады. Кино мен əдебиетте өзіндік суреткерлік əлемін қалыптастырған, қазақ киносына тамаша туындылар тарту еткен Сатыбалды ағамыз келместің кемесіне мініп арамыздан кете барды.
Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігінің атынан кинорежиссёр, жазушы, «Құрмет» орденінің, «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері, Франция кино академиясының Жорж Садуль атындағы тəуелсіз сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сатыбалды Жәлелұлы Нарымбетовтің қайтыс болуына байланысты отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын.
Əр фильмі мен шығармасы арқылы сол заманның тыныс-тіршілігін, ауанын жеткізуге тырысатын мэтрдің асыл бейнесі қалың қазақтың көңіл төрі мен жүрек түкпірінде мəңгі сақталады.
Марқұмның көзі тірісінде жасаған игі-жақсы амалдары алдынан жарылқасын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын»,- деп жазды Ақтоты Райымқұлова Facebook -тегі парақшасында.
Сатыбалды Нарымбетов 1946 жылы 7 наурызда Түркістан облысы, Түркістан ауданы, Ащысай ауылында туған. Мәскеу қаласындағы мемлекеттік кинематография институтын бітірген.
1984 жылы жоғары режиссерлік курсты (Г.Н. Данелияның шеберханасы бойынша) бітірген.
1969 жылдан «Қазақфильм» студиясында сценарист әрі кинорежиссер ретінде қызмет етті.
1970 жылдан – «Қазақфильм» киностудиясының кинорежиссері болды.
Ал 2005 жылдан бері Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Дебют» бірлестігінің жетекшісі болып еңбек еткен еді.
Ол «Құрманғазы» атты деректі фильмге (1972 жылы), «Зауал» (1981 жылы), «Күзгі бұралаң жол» (1984 жылы) қысқа метражды фильмдерге, «Ұрын келген күйеу» (1987 жылы), «Созақтан шыққан Гамлет» (1990 жылы), «Көзімнің қарасы», «Жас аккордеоншының өмірбаяны» (1994 жылы), «Омпа» (1998 жылы) және тағы басқа көркем фильмдерге режиссерлік еткен.
Бұған дейін, жазушы Смағұл Елубай Сатыбалды Нарымбетовтің ауыр халде, бір аптадан бері комада жатқаны туралы жазған болатын. Оның айтуынша, асқазанындағы ескі жара ашылып қан құсып ауруханаға түскен.

kyzylorda-news.kz
08 шілде 2021 ж. 546 0