Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сыр өңірінің ақын-жыршылары Елордада өнер көрсетті

Сыр өңірінің ақын-жыршылары Елордада өнер көрсетті

Қазақконцерт елордалықтарды «Сүлейлердің ізімен» атты жаңа концертпен қуантты.
Бұл кеште Қазақконцерт әртістерімен бірге жыр елі атанған Сыр өңірінің талантты ақын-жыршылары өнер көрсетті. Өнер сүйер қауым ұлттық құндылықтар мен халқымыздың бай әдеби мұрасы жырланған ерекше кештің куәгері бола алды.

Концертке қатысушылардың бірі, Қазақконцерт солисі Күнсұлу Түрікпеннің айтуынша Сыр бойы ақын-жыршыларының «сүлей» деп аталуында үлкен мән бар. «Тума талант» деген мағынаны білдіретін сүлей сөзі Сыр өңірі жыршыларының басты ерекшелігін көрсетеді.
– «Сүлейлердің ізімен» жыр кешінде Жамбыл Жабаевтың, Кете Жүсіптің, Тұрмағамбет, Нартай, Базар сияқты ақын-жыраулардың шығармалары дәріптеліп, ұлттық өнеріміздің өзекті тақырыптары көтерілді. Ұлттық, тәрбиелік және танымдық мәні зор шығармалардан тұратын бұл концерт Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арналады, – деп жеткізді Күнсұлу Түрікпен.

Жырдан шашу шашып, Сыр сүлейлерінің дәстүр сабақтастығын жалғаған жас жыршы-ақындар еліміздің бай мәдениетін, шежіре-тарихын өнегелі жырмен жеткізді. Белгілі жырау ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов бастаған талантты жыршылардың өнерін көрермен қауым зор ықыласпен қабылдады.

Қазақы жыр мен дәстүрлі өнерге арналған «Сүлейлердің ізімен» концерті жаңа форматта өтті. Оның басты ерекшелігі – көрермендер концертті әртістермен бірге сахнада отырып тамашалап, концерттің тікелей қатысушысы бола алды. Қазақконцерттің жаңа 61-концерттік маусымындағы бұл кеш тыңдарман қауымға нағыз рухани демалыс сыйлады.
kyzylorda-news.kz
27 қыркүйек 2021 ж. 905 0