Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Күнсұлу Түрікпен: «Дарын» сыйлығы дәстүрлі өнерге көрсетілген құрмет

Күнсұлу Түрікпен: «Дарын» сыйлығы дәстүрлі өнерге көрсетілген құрмет

Күнсұлу Түрікпеннің есімі бүгінде республикаға жақсы таныс. Ғасырлар бойы сақталған өнер қазынасын дәріптеп, жыршы-жыраулардың ізін жалғап жүрген  дәстүрлі ән өнерінің дара қызы. Жас та болса атадан қалған ұлы өнердің туын жықпай, батырлар мен ақындардың жыр-дастандарын  жатқа айтып, көпшілікке насихаттауда үлесін қосып келеді. Бұл еңбегі елеусіз қалмай жақында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын иемденді. Биылғы мемлекеттік сыйлықтың «Халық шығармашылығы» номинациясы Сырдың қызына бұйырды.
«Дарын» мемлекеттік сыйлығы өз саласында жетістікке жеткен жастарды мемлекеттің қолдауы мақсатында беріледі. Бұл қатардан өзімді көргеніме өте қуаныштымын.  Аталған сыйлық өз саласының шебері атанған әр саладағы жастарға шабыт сыйлайды. Сонымен қатар зор жауапкершілікті жүктейді.  Жоғары марапаттардың бастау болған жастар сыйлығы маған ғана емес Сыр мәдениетіне берілген баға, халық шығармашылығына көрсетілген құрмет деп білемін.  Алдымыздағы аға буынның жолымен келе жатқан өнердегі жастарды ынталандыру. Мені қайда жүрсем де қолдап, қошеметін аямайтын туған жеріме және мені осы сыйлыққа ұсынған облыстық мәдениет басқармасы мен халық шығармашылығы орталығына алғысым шексіз.  Осы талабымызбен жыраулық өнерді халыққа кең насихаттау жолында жұмысымызды жалғастыра беретін боламыз. «Қарлығаштың қанатымен су сепкендей» болса да қазақ мәдениетіне үлесімізді қоссақ мақсатымыздың орындалғаны», – дейді Күнсұлу Түрікпен.

Күнсұлу бұған дейін халықаралық деңгейде ұлттық өнерді насихаттайтын «Men qazaqpyn» мегажобасының жеңімпазы атанғанды. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымында жыршы. Қазақ мәдениетінің киелі қара шаңырағы саналатын 60 жылдық тарихы бар өнер ордасына барғанына көп бола қойған жоқ. Десек те әріптестері оның өнерін жоғары бағалайды. 



«Бүгінгі күні жыраулық дәстүрді насихаттап, жастарды халықтық өнерге қызығушылығын арттыру мақсатында авторлық онлайн курсымды аштым. Мені қуантқаны жыр-терме, домбыра үйренгісі келетін жастар қатарының көптігі. Шама-шарқымша жол сілтеп, алдыңғы буын ағаларымыздан алған білімімді замандастарыма үйретудемін. Алдағы уақытта бұл жобамның аясын кеңейтіп жыр мектебін ашуды ойлап жүрмін. Бұл енді уақыттың еншісінде», – дейді өнерпаз.  
27 қараша 2020 ж. 1 106 0