Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Гүлзира Айдарбекова: Баламды шын сүйген қызды мен де жақсы көремін

Гүлзира Айдарбекова: Баламды шын сүйген қызды мен де жақсы көремін

Айдарбековтер отбасында соңғы уақытта келін тақырыбы жиі қозғалып жүр. Гүлзира Айдарбекова мен Нұртас Айдарбеков үйдің кенжесі Заңғарды үйлендіруді ойлап жүр. Желіде тараған видеода Заңғар әкелген қыздарының анасына ұнамайтынын айтқан. Алайда Гүлзира Үсенқызы мұны әзілге балап отыр. Бұл туралы Айдарбекова "Алматы" арнасының Paparazzi бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Мен олармен тұрмаймын ғой, өздері тұрады. Баламды шын сүйген қызды мен де жақсы көремін деп ойлаймын. Бір-бірімен сыйласып, ауызбіршілігі болса, баламның сүйген қызы маған ұнамау мүмкін емес", - дейді Гүлзира Үсенқызы.
Айдарбекова Қайратты алғаш сахнаға жетелеген жылдары үйдің отағасы Нұртас мырза көзге көп көрінбеді. Соған болар, жұрт арасында хитменнің ата-анасы ажырасқан деген қауесет тарады.
"Мені де бір кездері "күйеуімен ажырасып кетіпті, Қайрат көтерілгеннен кейін, қайта қосылыпты" деп әңгіме қылды. Кімнің ойынан шыққанын білмеймін, бірақ бір сағатқа да жолдасыммен ажырасқан күнім болған емес. Анам мен әкемнің шаңырағына да ажырасамын деп барған емеспін. Ренжім қалсам, құрбымның үйіне барып отыратынмын. Жолдасым тауып келіп, алып кететін", - дейді Айдарбекова.

Бұл ретте, Гүлзира ханым Қайрат пен Жұлдыз ажырасты деген қаңқу сөздердің нүктесін қойды. 
"Жұрт сыртымыздан неше түрлі ойлайды ғой. Жастар болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, кейде ренжіп қалады. Өздері түсінсін деп қоясың. Мен ойлаймын, 4 баласы бар, ешқайда кетпейді. Құдайға шүкір, бірге тұрып жатыр. Әркімнің ойы ғой. Біреу сыртымыздан әңгіме айтады да, әрі қарай өрбіте береді", - дейді продюсер.
Отбасылық өмірде 35 жылдық тәжірибесі бар Гүлзира ханым отбасын сақтап қалғысы келетін жастарға кеңесін айтты.
"Қазіргі кезде, келіншектер көп нәрсеге шыдамай жатады. Енесімен, жолдасымен, қайын сіңлісімен болсын... 5-10 жылдың көлемінде қиындықтың бәріне шыдаса, оған өмірлік сабақ болады. Екіншіден, шынығады. Үшіншіден, отбасын сақтап қалады. Жастардың түгі кетпейді, ортада балалар қиналып қалады. Әбден ойланып барып, үйленген дұрыс деп ойлаймын", - деді ол.
Бір кезде тұңғышының жұлдызын жаққан Айдарбекова енді кенже ұлынан танымал тұлға шығармақ. Бүгінде Гүлзира ханым Заңғарға арнап топ құрған. Алайда карантинге байланысты, әзірге кенже баланы халыққа кеңінен таныту идеясы тоқтап тұрған ұқсайды. 
Жақында елімізде аналар күні аталып өтті. Қыркүйектегі бұл мерекені әсіресе, жұлдыздар кеңінен насихаттап жүр. Ал Қайрат Нұртас анасын қандай сыйлықтармен қуантады?
"Қайраттың сыйламаған нәрсесі жоқ. Бір жылдары 3 бөлмелі пәтер сыйлады. Кейін өзім ұнатқан Lexus көлігін сыйлады. Басқа кезде бриллиант әшекей, өзім қалаған затымның барлығын алып береді. 
Балаларымның ең ыстық сыйлықтары - қолдан жасаған дүниелері. Бала кезінде "мамам, папам, мен, үй" деп салған суреттерін әлі күнге дейін сақтап қойғанмын. Табысымен емес, жүректерінен шыққан сыйлықтар маған қатты ұнайды", - деп ағынан жарылды Айдарбекова. 
27 қыркүйек 2021 ж. 1 171 0