Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Асыл домбыра» кімге бұйырды?

«Асыл домбыра» кімге бұйырды?

Алматы қалалық мәдениет басқармасы мен ASSYLTAS қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Алатау» дәстүрлі өнер театрында республикалық ASSYL DOMBYRA ақындар айтысының супер финалы өтіп, ақпан айында басталған аламанның ең үздіктері анықталды.

Аламан айтысқа төрт ірік­теу кезеңінен сүрінбей өткен 18 ақын қатысты. Жыр дода­ның басты ерекшелігі ақын­дардың жұбы жұрт алдында жеребемен анықталып отыр­ды. Жыл басынан бері 4 ке­зеңнен өрбіген іріктеуге бар­лығы 47 ақын қатысқан болатын. Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман бұл айтыс тарихында бұрын-соңды болмаған көрсеткіш екенін, осы жоба ең ауқымды бәсеке болғанын айтады.

Аузымен құс тістеген ақын­дар өз жырына тәуелсіздік же­тіс­тіктерін, ұлт мұрасы мен ұрпақ тағылымын арқау етті. Кезі келгенде қоғамдағы түйт­кілді проблемаларды түйреп айтып, жырсүйер ағайын­ның көңілінен шықты. Қа­зақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов төр­ағалық еткен қазылар ал­қасына нағыз жеңімпазды анықтау оңайға соққан жоқ. Тапқырлық, ұт­қыр­лық, көр­кемдік, суырып са­лу айтысты бағалаудың басты талабы ретінде қойылды.

Сөз барымтасында орамды ой, айшықты тіркесімен көрермен көзайымына ай­налған алматылық Қазірет Бердіхан асыл тастармен көм­керілген айрықша дом­быраның иегері атанып, ASSYL DOMBYRA айты­сы­ның жеңімпазы деп та­нылды. Айтыс сахнасын­да өзіне тән өрнегі бар қызыл­ордалық Мұхтар Ниязов II орынды еншілесе, екі III орын өскемендік Серік Қуанған мен Сыр өңірінің тумасы жүйрік ақын Мейірбек Сұлтанханға бұйырды.

Қазылар алқасының шеші­мімен Шұғайып Сезімхан, Айбек Жеңісқазин, Нұрлан Есен­құлов қатарлы үш ақынға ынта­ландыру сыйлығы берілді.

Ал құны 2 млн 400 мың теңгені құрайтын ASSYLTAS стипендиясы Ринат Зайытовқа берілді.

«Айтыс – ежелден келе жат­қан асыл мұрамыз. Бұл өнер­дің әлем үшін де орны бөлек. Сон­дықтан ЮНЕСКО айтыс­ты адамзаттың мәдени мұра­ларының тізіміне қо­сып отыр. Биылғы ASSYL DOMBYRA ақындар айтысы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Жүрсін Ерманның 70 жас мерейтойы­на орай өткізілді. Сондай-ақ әр іріктеу кезеңі Жамбыл Жабаевтың 175 жыл­дығына, Мұқағалидың 90 жас мерейтойы мен Қасым Аман­жоловтың 110 жыл­ды­ғына да арналды. Супер финалда ақындар қоғам­дағы өзек­ті проблемалар­ды қозғап, кө­рермендер нағыз айтыстың куәсі болды. Себебі ақтық бәсе­кеде кіл мықтылар өнер көр­сетті. Көрермен нағыз тар­тыс­­қа толы биік деңгейдегі ай­­тыс­тардың куәсі болды», дейді ASSYLTAS қоғамдық қо­рының құрылтайшысы Дулат Тәстекеев.

egemen.kz​​​
13 қазан 2021 ж. 1 151 0