Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Университетте «Тәуелсіздік және ұлттық мәдениет» атты салтанатты жиын өтті

Университетте «Тәуелсіздік және ұлттық мәдениет» атты салтанатты жиын өтті

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік және ұлттық мәдениет» атты салтанатты жиын өтті. Мерекелік шарада руханият және мәдениет саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер талқыланды.
Жиында Басқарма Төрағасы–Ректор Бейбіткүл Кәрімова университетте мәдени шаралардың ауқымы кеңейгенін, жас дарындардың жаңа шоғыры қалыптасқанын, биыл «Дидар» халықтық фольклорлы – этнографиялық ансамблінің құрамы қайта жасақталғанын атап өтті.
«Қазақтың сан мыңжылдық тарихы мен мәдениеті, рухани болмысын ұлттық өнерімізден көруге болады. Университетте 2000 жылы құрылған «Дидар» халықтық фольклорлы-этнографиялық ансамблі жауһар жырды дәріптеп, ұлттық өнердің асқақтауы жолында еңбек етіп келеді. Бүгінде өнер ұжымы елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де танымал. Білім мен ғылымның қарашаңырағы саналатын Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде бабалар дәстүрін жалғаған өнер саңлақтары, жас таланттар мәдениеттің дамуына үлкен үлес қосуда», – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.
 «Дидар» халықтық фольклорлы – этнографиялық ансамблінің құрамы биыл қайта жасақталып, репертуары мен музыкалық аспаптар түгелдей дерлік жаңарған. Өнер ұжымы осы кезге дейін Түркия, Оңтүстік Корея елдерінде өнер көрсетіп, халықаралық «Шабыт», республикалық «Ғасырлар үні», «Жұбанов көктемі» фестивальдерінің бас жүлдесін иеленді.
Бүгінде анссамбльді жаңа деңгейге көтеру мақсатында көркемдік жетекшісі әрі дирижер қызметіне ҚР еңбек сіңірген қайраткері, қауымдастырылған профессор Мүсілім Әмзе шақырылды. Биылдан бастап Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет орденінің иегері Рамазан Тайманов та Дәстүрлі өнер институтының аға оқытушысы қызметін атқаруда. Сондай-ақ, университеттің «Дәстүрлі музыка өнері және хореография» кафедрасында аға оқытушысы болып қызмет атқаратын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Жеңіс Ысқақова жуырда өткен есеп беру кешінде өнер көрсетті.
Мәдениет саласының өкілдері жиылған «Тәуелсіздік және ұлттық мәдениет» аттышараға Қазақконцерт жанындағы республикалық концерттік-гастрольдік қызмет орталығының менеджері Ержан Алданазаров Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келіп қатысты. Сондай-ақ, мерекелік шарада облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Гүлнар Есқалиева, Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ержан Жеткерұлы да қатысушыларға марапат табыстады.
Жиында университетте оқытушылық қызмет атқаратын өнер иелері мен білім алушылар «Мәдениет саласының үздігі» медалі, облыс әкімі мен облыстық мәслихат хатшысының Алғыс хаты, облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің Құрмет грамотасы, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлының алғыс хаты, облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасының Алғыс хаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Үздік түлек» медалімен марапатталды.
Айта кету керек, биыл университет білім алушылары өнер додаларында үздіктер қатарынан көрінді. Тобыл қаласында «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен» атты ІІ республикалық жыр-терме, дәстүрлі ән орындаушылар байқауында  Дәстүрлі өнер институтының студенті Малика Алдамжарова Бас жүлде, Қызылордада өткен ХІІІ облыстық «Сыр жұлдыздры – 2021» ән байқауында дәстүрлі өнер институтының студенті Мұхамедәли Сартай жүлделі ІІ орын, «Көне Тараз күмбірі» ІІ республикалық фольклорлық ансамбльдер байқауында «Дидар» халықтық фольклорлы – этнографиялық ансамблі ІІІ орын иеленді.
Сондай-ақ, биыл Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде студенттер арасында республикалық жас ақындар айтысы өтті. Өнер додасында жүлделі І орын Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 2-курс студенті Жамбыл Бақытәліге, ІІ орын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Ұларбек Жеңісбек пен университетіміздің 4-курс студенті Бексұлтан Орынбасаровқа табысталды.

kyzylorda-news.kz



22 желтоқсан 2021 ж. 2 336 0