Ақын Несіпбек Айтұлы 73 жасында өмірден өтті
Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы 73 жасында өмірден өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Қош, Несағам. Қазақ поэзиясының бәйтерегі құлады", - деп жазды қаралы хабар туралы ақын Дәулеткерей Кәпұлы.
Несіпбек Айтұлы 1950 жылы Тарбағатай тауында дүниеге келген. 1974-1984 жылдары "Балдырған" журналының поэзия бөлімінің меңгерушісі, "Жалын" баспасында редактор болды.
Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, "Ақын" қауымдастығының директоры, "Қазақ әдебиеті" газетінде сын бөлімінің, "Жұлдыз" журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Президенттік Мәдениет орталығында қызмет істеген.
"Бәйтерек", "Көз жасым", "Ерлікке ескерткіш", "Сардар", "Наурызбай", "Ту", "Сарайымнан шыққан сөз", "Дариға, дәурен", т.б. кітаптарының авторы. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Парасат" орденінің иегері.