Қалың қазақ ақиық ақынын еске алды
Сырлы сөз, ойлы өлеңмен қысқа ғұмырдың терең мағынасын бедерлей білген, бұл әлемнің маңдайына сыймай кеткен дара тұлғаны бүгін аралдықтар да еске алды.
Ақынның 95 жылдығына арналған «Есіңе мені алғайсың…» атты поэзиялық кеш аудандық мәдениет үйінде шымылдық түріп, ойлы оқырман қауымның көңіл сарайын руханияттың мол мұрасымен сусындата түсті.
Жыр кеші сахналандырылған қойылыммен ашылып, ақынның жүрек тербер жырларымен, көңілге сәуле сыйлайтын сырлы сөздерімен өрнектелді.
Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары түрлі сахналық бейнелерді шебер сомдап, архив қойнауында қалған деректерді көркем тілмен тірілтіп, ақиқаттың адырнасын шірене тартты. Түрлі қойылымдармен ерекшеленген рухани кешті аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев та көрермендермен бірге тамашалады. Есімі қазақ руханиятының биігінде тұрған ұлы ақынның мәңгілік туындылары мен өміріне куә болды.
Көпшілік жатқа айтатын жай ғана есім-сой емес, шын мәнінде Мұқағлидың мұңы, шыңы мен шыны сахна төрінде жоғары деңгейде сомдалып, жастардан құралған мәдениет үйінің өнерпаздары минуттар бойы көрерменнің құрметіне бөленді. Бұл кешке жиылған жұртшылық рухани демалыс алып, керемет кештің куәсі болды.
Осылайша сан алуан тақырыпқа қалам тербеп, поэзия әлеміне өшпес өлең, өлмес мұра қалдырған қазақтың мұзбалақ Мұқағалиы бүгін өз жұртымен қайта қауышты.
«Есіңе мені алғайсың…» деп елге аманат жыр қалдырған ақынның аяулы есімі тағы бір мәрте ұлықталды.




Аудан әкімінің баспасөз қызметі











