Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов –Қазақстанның Еңбек Ері

Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов –Қазақстанның Еңбек Ері


   Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовке еліміздің ең жоғары наградасы берілгені жайлы сүйінші хабар жеткелі, қалың оқырман қауымның шалқыма сезімі толастар емес. Келер жылы 90 жылдығын атап өтпекші «Толқын» газетінің көне тігінділері қапталдаса келіп, тіл қатқандай болды. Төл басылымның 1994 жылғы  24 қарашадағы №47 санында газетіміздің түп жанашыры Жаңабай Кемалдың атақты қаламгердің 70 жасқа толуына орай жарияланған мақаласын жерлестер қуанышына шабарман етуді жөн көрдік.
  Ол туралы тіл безеп, тосын пікір айтатын біз кімбіз?! Әлемге әйгілі қаламгер аға жайында талай дуалы ауыздан шыққан, табыну мен тамсанудан тұратын соқталы бағамдаулар қаншама! Солардың ішінде таланты мен танымалдығы Әбдіжәміл Нұрпейісовпен бір биікте саналатын Шыңғыс Айтматовтың шынайы лебізі мейлінше ден қоярлық. «Нұрпейісовтің талантты да тамаша прозасына көптен ғашықпын. Одан көп үйрендім. Дана, терең ойлы, сабырлы жан».
Мұндай шыншыл да шуақты, мүлдем көлеңкесіз толғамнан әрі асып, кестелі сөз табу қарапайым оқырманға оңай да емес. Бізді бұл жүрексінуден арашалайтын тек қана оқырмандық әсер, ағаға деген інілік тілеулестік сезім. Ой тізгінін қаншама тартыңқырасақ та, бәрібір Әбдіжәміл Нұрпейісов туындылары жөнінде аз-кем пікір өрбітуге тура келеді.  
Әдебиет ауылына бала кезден бүйрегіміз бұрса, бұған да Әбдіжәміл ағаның қаламгерлік қолтаңбасы ықпал жасапты. Теңіздей көк түсті қалың кітап «Курляндияны» білте шамның жарығымен қадалап оқып, жастығымыздың астына жасырған күйі ұйқыға кететініміз қандай қимас сәт еді! Майдан өміріне алғаш рет кітап арқылы қанығуымыз «Курляндиядан» басталды.
  Ол уақытта шығарманың көркемдігі, тілі турасындабалғын қауымның бір ғана бағасы болатын. Қызық кітап! Қызықтырмаса мұндай сөз жол-жөнекей балалардың  да аузынан шыға бермейді. Есімдегі Есей бейнесі белгісіз қашықтықтан жылы ұшырайды. Қан-топалаң жарылыс, атыс, алыс-жұлыс, жау шебіне барлаулар жүректі айнытарлықтай түрде емес, ертегі мен батырлар жырындағыдайерлікке ықылас тұрғысында жазылған тәрізді сезілген. Кейін бұл кітап өңделіп, «Күткен күн» деген атпен оқырман арасына қайта жол тартты. Бәлкім, жазушы стиль, көркемдік шешім, типтендіру жағынан қайта сомдап құлпыртқан болар. Ал біз үшін «Курляндиядан» ыстық кітап жоқ.
  Ауыл мектебінен ұзамай тұрып, қолымызға Әбдіжәміл Нұрпейісовтің екінші күрделі туындысы «Қан мен тер» тиді. Кітап оқуға құштарлық кітапханашының қолғанатына айналдырды. Жаңа келген кітапты дереу тіркеу журналына нөмірлеп жазып, сол кітапты елдің алды болып оқу құрметін иеленіп жүргенбіз. Қоңыр түсті, көлемі қос алақандай «Қан мен терді» бас алмастан оқып шықтық. Тырыли Қарақатын, әліптің артын бағатын Дос, момақан Мөңке, еті тірі Еламандар өзімізге таныс жағалау тірлігін, дала өмірін кәдімгідей жандандырып жіберді.
Қабағы қату Кәлен, басы артық сөзі жоқ Сүйеу қарт, екі оттың ортасында қалған Ақбала мен сері Тәңірберген, қимылы да, сөзі де шапшаң, шапа-шұп айтыстың адамы Судыр Ахметтер біздің ауылда жоқ, ешқашан кездестірмеген кісілердей. Бұл да болса шығарманың шынайылығы, көркемдік қуатының молдығы, тіл шұрайының ғаламат әсерінен.
Экологиялық тақырып тыңына түрен түсірген «Сеңнің» жазылғанына да он жылдан асыпты. Сырт әсер, асығыс топшылау Әзім мен Жәдігер, Бәкизаттар арасындағы тағдыр тайталасының ұштығын Тәңірберген, Еламан, Ақбала бейнелерінің екінші параллелі сияқтандыратыны да бар. Ал Сары Шая тұлғасынан сөз жоқ, Судыр Ахмет образының сарыны мен мұндалайды. Біздіңше, жазушы бұл туындыда Жер-Ана ұғымын Табиғат-Ана болмасында қарастырып, адамдар бойындағы тәкаппарлықтың, тоңмойындықтың, тасжүректіліктің тінін тарқатуды мұрат тұтқандай. Қаламгер ишарасы жүректердегі жан ақауын емдемей тұрып, алыстап кеткен табиғатты аялау сезімін қалыптастыру оңай болмасын еске салады.
  Әбдіжәміл Нұрпейісовтің мерзімді баспасөз арқылы оқырман қауымның көзіне оттай басылған «...Және бір түн» атты жаңа романынан үзінді соны лепке толы көрінді. Жастық драмаларын жазушы бұрынғыдай тежеп, тәртіпке көндірмей-ақ ынтық сезімді ырқына жібере отырып та шеберлік отына қақтап алады. Тартымдылығы ғажап, тілі де ойнақы.
Асқар таудың аясы кең, саясынан самал есетінін Әбдіжәміл аға ортамыздан алыс жүрсе де, жақын тұтып сезінетінімізді жерлестік шылауына жетектетсек, тым шолақ ойлағандық болар еді. Алатаудың баурайы мен төскейін қырғыз-қазақ халқының өздеріне тең телуі заңғар биіктің бөліске түспейтініне тамаша айғақ. Сол тәрізді қиырдағы Құланды түбегінде туып, Беларанға көз талдырған Әбдіжәміл Нұрпейісовті бүгін қалай бір ғана Аралдың аясына сыйғызамыз?!
  Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты ол –исі қазақтың ортақ мақтаны, сыртта жүргенде айбат – пірі, ортамызда болғанда көшбастар ақылгөйіміз. Лебізіміздің басында Әбдіжәміл Нұрпейісовті әлемге әйгілі қаламгер деп едік. Сол сөзді қайта үскілегенде, тіл ұшына классик жазушы деген мақтанға толы жаңа тіркес оралды. Өйтпегенде ше?!
  Жаңабай Кемал
 P.S. Ғаламат сөз зергерінің шеберлік шапанына ешқашан шаң жұқпайды. Ол – Ұлы даланың дара перзенті. Әбдіжәміл ағаның аңызға айналған соқталы туындылары әлемдік кітап сөресінде әлі де жақұттай жайнайды. Ол дархан далаға алғаусыз ғашық. Әзиз болмысында батырдың жүректілігі, билердің байламы мен мұндалайды. Ұштаулы қаламы жүзі қылпып тұрған алмас қылыш тәрізді. Дала құшағына ғана енетін кеудесіндегі Еңбек Ерінің алтын жұлдызы қаламгерлік қаһармандықты мәшһүрлей түспек.  
   
28 қазан 2019 ж. 779 0