Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қасымның мұңы

Қасымның мұңы

Қасым тым зерек бала. Мектептегі үздік оқушылар қатарында болып, ұстаздарының үміт артар шәкіртіне айналған. Екінші сынып оқыса да, өзін ұстауы, сөйлеуі, жанындағы жандарға деген көзқарасы барша мұғалімдерді таңдандыратын. Балалық шағында өзін ересектерше көрсетуінде себеп барын бірақ олар білмеді.
Әдеттегідей оқу күндерінің бірі. Сабаққа асыққан сансыз оқушылар. Қоңырау дауысы естілген бойда жарыса жүгіріп, сыныптарына беттеді. Олардың арасында Қасым да болатын.
Ентігін баса алмай кірген балалар сыныптарына кірген бойда Майра апайларын көріп, «Мерекеңіз құтты болсын, апай» деп жамырай құттықтап жатты. Екінші анасындай болып кеткен Майра апайлары да балаларды жымия қарсы алып, орындарына отырып болғаннан соң:
- Ал балақайлар, барлықтарыңа рахмет. Сендер ертең қандай мереке екенін білесіңдер ме?-деп сұрақ қойды.
Барлығы бірдей 8 наурыз деді.
- Иә, балалар, ертең 8 наурыз халықаралық әйелдер күні. Демек, барлық қыздардың, аналарымыздың мерекесі. Бізге өмір сыйлап, бағып – қаққан, маңдайларымыздан сипап, тамағымызды беріп, қарынымызды тойдырған, киімімізді жуып, тазаландырған жанның мерекесі. Біз үшін анадан биік, анадан қымбат адам жоқ. Сол себепті сендер аналарыңды қуанту үшін өз тілектеріңді жазыңдар-деді.
Сынып ішінде тыныштық орнады. Әр оқушы өз аналарына арнап тілек жаза бастады. Бұл жолы да мұғалімнің назары қайтадан Қасымға түсті. Өзгелердей қаламын ала сала тілек жазуға кіріспей, біраз уақыт терезеге қарап ойланып отырып, сосын ғана дәптеріне үңілген озат бала не жазар екен деген оймен Майра апай да іштей ойға батады. Себебі, Қасым әр сабақ сайын таңдандырудан жалыққан емес.
Арада бірнеше минут өтіп, шәкірттер де қаламын парта бетіне қойды. Барлығының жүздері жадырап, өз тілектеріне іштей ризашылық білдіргендей кейіп танытып отыр. Тек Қасым өзінің тұйық мінезінен танар емес.
- Ал, балалар, кім өз анасына жазған құттықтауын оқығысы келеді,-деген мұғалімнің сөзіне «мен, мен» деп қол көтергендердің арасында Қасымның болмауы шыныменен ерекше жағдай еді. Соны аңдаған Майра апайы да баланың көңілінде не бар екенін білгісі келгендей
- Қасым, кел, сен айта қойшы, - деп тақтаға шақырды. Әншейінде тақтаның алдын бермейтін зерек бала бұл жолы табанына тас байлағандай ауыр адымдап, сүйретіліп, тартыншақтап тақтаның алдына барды. Қолындағы дәптеріне көз салып, алғашқы сөздерін оқығаны сол-ақ екен, жанарынан еріксіз жас ыршып кетті. Өз ісін соңына дейін аяқтауға дағдыланған, ересектің ескегін ерте жастан қолына алған Қасым өз тілегін соңына дейін оқып шықпақ болды. Бірақ, көз жасы мен көмейіне тығылған ащы өксік баланы тұншықтырып тастағандай, дәптерін Майра ұстазының алдына тастай сала, орынына жүгіріп келіп, жылай берді, жылай берді. Дәптерді қолына алған ұстазы:
- Құрметті, Майра апай! Сізді мерекеңізбен құттықтаймын. Сіз мен жақсы көретін жандардың ең биігісіз. Мен өзіңізден алған тәрбиемен ержетіп, балалығымды тек мектепте ғана сезіне аламын. Сізге тым болмаса бүгін, бір күн еркелеуге мүмкіндік беріңізші. Себебі, барлығы апайымыз – екінші анамыз дейді. Бірақ, мен үшін сіз алғашқы әрі жалғыз анамсыз. Мен өзгелер секілді ананың алақан жылылығы мен маңдайымнан сүйген ыстық ерінін сезінген емеспін. Перзентхана анамның жан тапсырған мекені. Маған жарық күн сыйлаған сәтте өзі қара түнек ажал сапарына аттанып кеткен дейді. Мен де анамның жанында болып, еркелеп, шын бақытты болғым келеді. Майра апай, сізді бір рет болса да «мама» дейінші,-деген сөздерін оқып, Қасымды бауырына басып, қөз жасына қалай ерік бергенін сезбей де қалды. Әлі тұрмыс құрып үлгермеген Майра, өзін бір сәт ана орынына қойып, бала бақытын сезінгендей болды.
Ананың мейірімі мен құшағын аңсаған қаншама адам бар бұл қоғамда. Кешіккен соң бармағымызды тістемей, аналарымызды тірісінде қадірлейік, ағайын.
Оңталап ЖОЛДАСОВ.
20 наурыз 2018 ж. 1 674 0