Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қазақ баласына ұлттық нақыштағы ойыншық керек

Қазақ баласына ұлттық нақыштағы ойыншық керек

      «Адамның бір қызығы – бала деген» хакім Абай атамыздың сөзі бар. Алып қосары жоқ тек технология деген тәулік санап көз ілеспей, жылдамдықпен дамып жатқан заманда баланы бағып-қағу ата-ана үшін үлкен жұмысқа айналды. Өйткені қазіргі бала бұрынғы ағаш ойыншыққа не болмаса ауладағы құмға алдана қоймайды. Оларға қымбат машина немесе қуыршақтар қажет-ақ.
      Әрбір ата-ана сәбиіне қуаныш сыйлау үшін ештеңеден аянбайды. «Баланың ойнағанына, қазанның қайнағанына қара» деп қазақ текке айтпаған ғой. Ойыншық – әрбір сәбидің серігі. Ойыншық арқылы баланың ойлау қабілеті артады, сол арқылы өмірге бейімделеді. Өкініштісі, көздің жауын алатын ойыншықтың басым бөлігі Қытайдан әкелінеді. Осы шет елден келетін ойыншықтардың сапасы мен қауіпсіздігіне қаншалықты мән береміз? Оны дұрыс таңдай аламыз ба?
       Қазір кішкентай бөбегі бар әрбір шаңырақта кемі бір қорап ойыншықтың бары анық. Шылдырмақтан бастап, қуыршақ, машина, доп, жұмсақ ойыншықтар, тағы басқасы толып жатыр. Әрине базарға бара қалсаң, ойыншықтың сан алуан түрін табуға болады. Бала түгілі, көз тартатын әдемі ойыншықтарды көргенде өзіміз де қызығып, бас тарта алмай жатамыз. Сосын қызыққан дүниені алдымен балаңа әпергің келеді. Ойыншық аларда алдымен бағасына мән беретініміз белгілі. Сөйтіп қызығушылықпен Қытайдың арзан дүниесіне ұрынып қалып жатамыз.
      Көз тартатын әдемі ойыншықты сатып алар алдында мына жайттарды ескергеніміз абзал. Дайындаушының атауы, бұйымның атауы, тауардың шыққан елі, бұйымның құрамы және орысша не болмаса басқа тілдердің аудармасы болу керек. Кеден одағының «Ойыншық өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті бойынша сырт елден келетін тауарларға қойылатын талап бар. Елімізге әкелінетін тауарлар соған сәйкес болу шарт. Мәселен, онда 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндерге табиғи тері, ішік, фарфор, түкті резеңке сынды ойыншықтарды әкелуге тыйым салынған. Яғни сәбилер ойыншықпен ойнамас бұрын, алдымен сол затты ауызға салатыны белгілі. Ол сол арқылы айналасын таниды. Мұндай сәтте бала денсаулығына зиян келмеуі керек. Сондықтан оның бояуына, сыртқы пішініне, өткір зат болмауына аса мән беріледі. Қазақтың балаларын ұлттық ойыншықпен қашан қамтамасыз етеміз деген мыңдаған мақала, жүздеген сұхбат шықты. Содан шешілген ештеңе жоқ әлі. Себебі бүгінде ойыншық нарығында шетелдің өнімдері самсап тұр. Осылайша, атыс-шабысқа толы және мүлдем тәрбиелік мәні жоқ «Трансформер», «Өрмекші адам», «Шрек», «Бэтмен», «Спанч боб» сияқты шетелдік мультфильмдердің кейіпкерлері ұрпақ тәрбиесін улап қана қоймай, баланың ұлтжанды, адамгершілігі мол азамат болып ержетуіне балта шауып отыр. Бұған тосқауыл қоятын ата-ана тым бейқам.
     Қазақ баласына қазақы ойыншық керек. Бұл бағытта жасалынып жатқан тірлік мүлде жоқ деуге келмейді. Білуімізше, қазақ балаларының ұлттық дүниетанымына отандық ойыншықтар арқылы ықпал ету жолында «Атакәсіп-Астана», «Тәлім-таным», «Балбала» сынды серіктестіктер белсенді атсалысуда. Динара Ахметкәрімованың жетекшілігіндегі «Тәлім-таным» әріптерді қазақша сөйлетсе, Қыдырәлі Болмановтың «Балбаласы» қазақша сөйлеп, қуантарлығы бар. Сәкен Болыс басқаратын «Атакәсіп-Астана» төл ойыншықты заманауи үлгіде жаңғыртып жүр. Алайда бұл отандық өнімдердің бағасы удай қымбат. Бұл қарапайым отбасының қалтасын көтермейтіні анық. Мәселен жапондар өзге елдің көлігін алмайды. Олар оны сатқындық көреді екен. Бізге де осындай өлерменді ұлтжандылық секілді қасиеттер қажет-ау деген ойға қаласың.
       Бүгінгі баланың қолына кітап түгілі, ойыншық ұстатудың өзі қиынға айналып барады. Өйткені олар ұялы телефондағы вертуалды ойындардан бас алмайды. Бұл баланың ақыл-есін дамытқанымен, қимыл-қозғалысының тежелуіне алып келді. Ата-аналар ойыншыққа жай ғана ойыншық деп қарайды. Осы көзқарастың үлкен қателiк екенiн бiле бермеймiз. Өйткенi сол «жай ғана ойыншық» келешекке басталатын соқпақ емес пе? Жеті жасқа дейiн түрлi ойыншықтарды ермек ететiн бала айналаны, қоғамды ойын арқылы қабылдап, түйiндейдi. Мәселен, құрастырмалы ойыншық арқылы ойлау қабілеті дамыса, қуыршақты киiндiре отырып, сұлулық пен жылулықты бiледi. Балаға ойыншық таңдауда ата-аналардың сауаттылық танытып, жауапкершілікпен қарағаны дұрыс. Материалдық тұрғыда заттың сапасына ғана көңіл бөліп қоймай, «әр ойыншық балама қалай әсер етеді, қандай тәрбиелік мәні бар денсаулығына және психикалық дамуына зиян келтірмес пе екен» дегенді ойлау керек. Алыпсатарларды да жалаң үгіт-насихатпен дұрыс жолға салу мүмкін емес. Сондықтан нарықтағы балалар ойыншығын ретке келтіріп, тіпті балаларға арналған тауарларды өзімізде шығаратын өндірісті дамыту мақсатында мемлекет тарапынан нақты бағдарламалар белгіленіп, іске асырылуы қажет-ақ.
    Бүгінде әр баланың қолынан көк көзді, сары жалбыр шашты не болмаса ер балалар ойнайтын трансформер мен шетелдік мультфильмдік кейіпкерлер табылады. Ата-аналар болса дүкен, базар аралап әлгі ойыншықты іздеп сабылады. Ал төл ойыншық өндіретіндердің өнімі өтпей, сағы сынады. Себеп–талғам мен қалтаға томпақ келеді. Хош, көш жүре келе түзелер, баға күзелер деп сенейік. Бала әлемді ойыншық арқылы таниды десек, тайынан төл өнімдерін қолына ұстатпасақ, ұлттың ертеңі болар ұл мен қыздың тәрбиесін уысымыздан шығарып аларымыз анық.
А. АРМАНҚЫЗЫ
12 қараша 2019 ж. 1 743 0