Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » ТҰСАУ КЕСУ САЛТЫ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛҒАН?

ТҰСАУ КЕСУ САЛТЫ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛҒАН?

Ұлық Алла Әбілет пен Тәбілет деген екі мақұлықты жаратып, жер бетіне жібереді. Олар өте ажарлы, сұлу болған екен. Бір-бірін ұнатып қалады. Ұлық Алла екеуіне:
– Некелерің қиылмай, бір-біріңе қосылмаңдар, – деп ескертеді.
Бір күні екеуі шыдай алмай, бір-біріне қосылып қояды. Дүниедегі ең алғаш зинақорлық осыдан басталыпты. Діни аңыздарда қиямет-қайымда зинақор адамдар Әбілет пен Тәбілеттің қауымында тіріледі екен деседі. Некесіз қатынастан дүниеге Ібіліс келеді.
Адам ата мен Хауа ананы жер бетіне жіберер кезде Ұлық Алла оларға да ескертіп:
– Некелерің қиылмай қосылмаңдар, – дейді. Адам ата мен Хауа ана: «Мақұл!» – деп уәде береді. Бірақ, ол заманда Ібіліс малғұн атанып, оларды азғырып, тура жолдан тайдыруға серт берген кезі екен. Ұлық Алла Жебірейілге:
– Адам мен Хауаның аяғын тұсаула. Жерге табаны тиген соң, тұсауларын кес. Ібілістің азғыруына еріп, тура жолдан таймасын, – дейді. Жебірейіл олардың аяқтарын көк шөппен байлаған екен.
Жерге түскен соң, тұсауларын кеседі. Некелерін қияды.
Кейін бұл оқиға дәстүрге айналады. Содан бастап жаңа туған баланың табаны жерге тиер кезде тұсауын кесіп, күрмеуін шешеді екен. «Баламыз алғаш қара жерге қадам басты, тура жолдан таймасын» деп ырымдайды. Тұсауы кесілмеген сәбидің иманы әлсіз болады деген де түсінік бар.
Тұсау кесер кезде Адам ата мен Хауаның арасы жеті қадам болған екен. Жебірейіл Адамды жеті қадам жүргізіп барып, Хауаға қосады. Осыған орай, сәбидің тұсауын кесуші адам оны жеті қадам жүргізіп барып кесу салты сақталыпты.
Баланың тұсауын көк шөппен, малдың тоқ ішегімен, ала жіппен кеседі. Ала жіппен кесерде өзгенің «ала жібін аттамасын», яғни біреудің дүниесіне «көз тікпесін», «қол сұқпасын» деп ырымдайды. Тоқ ішікті байлағанда бай болсын, дәулетті болсын деп тілек тілейді. Бұл жерде тұсауды өткір пышақпен, жүзін көкке қаратып кесу дәстүрге енген.
18 қараша 2019 ж. 4 035 0