Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Психолог шеше алмайтын мәселелер

Психолог шеше алмайтын мәселелер

massaget.kz Қазір психология ғылымы қарыштап дамып жатыр. Психологиялық кітаптарды оқып алып, мен өз-өзіме де, өзгеге де психолог бола аламын деу дұрыс емес, оның қыр-сыры тереңде жатыр. Психологқа барып кез келген мәселені шешіп алу да мүмкін емес. Ол сізге қандай мәселелер кезінде көмектесе алмайды.
Жақындарыңызды өзгерту
Көп адам психотерапевт алдына туысымды қалай жөнге саламын, күйеуім көп ақша табуы үшін не істеймін, балам бізге бағынбайды, енем күн көрсетпейді деген секілді мәселелермен барады және осы адамдарды өзгертуге көмектесуін сұрайды. Психолог өзгелер сіз қандай болуын қаласаңыз, сондай етіп өзгертуге көмектесе алмайды. Өзіңізді, ойыңызды өзгертуге шақырады. Сонда ғайыптан тайып әлгі адамға деген көзқарасыңыз да түзеледі. Оны бар болмысымен қабылдауға дағдыланасыз.
Дұрыс таңдау жасау
Психологқа жиі қойылатын тағы бір сауалдың сиқы мынадай: күйеуіммен ажырасайын ба әлде қорлығына төзіп жүре берейін бе, басқа жұмыс іздейін бе әлде үйреншікті орнымда қалайын ба, ақшамды жинайын ба әлде тәуекелге бел буу керек емес пе? Міне, мына таңдауды жасаңыз деген психолог аса сауатты маман деп айта алмаймыз. Себебі сіз үшін қай жол дұрыс болатынын алдын ала болжап беретіндей психолог көріпкел емес, тіпті көріпкелдің өзі сіз үшін бұл сұраққа жауап беруге қақысы жоқ. Бұл орайда психолог сізге өз жүрегіңізді тыңдап, өз қажеттілігіңізді қанағаттандырып, қандай таңдау жасасаңыз да өкінбеуді үйретеді.
Сізді өзге жанға айналдыру
Қолда барға қанағат ете алмауын адамдар өзінің жолы болмайтынынан, пысық емес екенінен, ақылсыздығынан деп ойлауы мүмкін. Осы тұрғыда психолог оған көмектесіп, оның алдынан мүлде басқа адам боп шығуды қалайды. Бұл да қате пікір. Атақты «Кунг-фу Панда» мультфилмінде мынадай сөз бар: «Сен бұл шабдалы дәнін қанша күтіп, баптасаң да одан ешқашан шие не алма өсіріп шыға алмайсың және не істесең де ол уақытынан бұрын гүлдемейді». Психотреапия да шабдалыны шиеге айналдыра алмайды.
Барлығы бірден болса деу
Психологқа барушылар көбіне 1-2 сенастан кейін бекер барған екенмін, еш пайдасы тимеді деп ойлауы мүмкін. Алайда психотерапевт сізге қалай көмектесуі мәселеңіздің ауқымына да байланысты екенін ұмытпаңыз. Көп жағдайда мәселенің түп-тамырын анықтап, онымен күрсеуге орта есеппен 6 сеансқа бару керек екені айтылады. 

19 желтоқсан 2019 ж. 1 559 0